McDonald’s Қазақстанда жұмысқа адам ала бастады

467
McDonald's Қазақстанда жұмысқа адам ала бастады

Қазақстандық ең ірі рекрутинг компанияларының бірі Алматы мен Астанада жедел тамақтану дәмханаларының бос орындары туралы хабарлама берді.

Вакансиялар туралы ақпарат «Компания McDonald’s» ЖШС («Food Solutions KZ» ЖШС) атынан жарияланған. Онда, мәселен, Алматы қаласында айлығы 300 мың теңге болатын бас есепшінің орынбасары және жалақысы 500 мың теңгеге тең сатып алу бойынша менеджер, сонымен қатар, құрал-жабдыққа қызмет көрсету инженері, маркетолог, қызметкерлер құрамы бойынша менеджер қабылданатыны туралы көрсетілген. Сондай-ақ, компания Астанада инженер іздейді екен.

Forbes.kz хабарлауы бойынша, McDonald`s дәмханалары Қазақстанда 2015 жылдың екінші жартысында ашылмақ. Брендтің бас компаниясы қазақстандық бизнесті жүргізуді бұрын мемлекеттік мұнайгаз компаниясы мен ресейлік «Газпромның» бірлескен кәсіпорны «КазРосГаз-ды» басқарған кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа берілгендігі туралы жариялады.

«Қазақстанда бизнесті ары қарай дамытуға үлкен мүмкіндік бар, осы тұрғыда біздің Қайрат Боранбаевпен келісіміміз брендімізді нығайта түседі», — деді McDonald`s-тың Еуропадағы президенті Даг Гор.

Қайрат Боранбаев, сондай-ақ, Беларус мемлекетінде McDonald`s атынан қызмет көрсету құқығына ие.

Қазақстанда аталған компанияның жедел тамақтану орындары тегін Wi-Fi-мен жабдықталады, бүкіл әлем бойынша танымал  «Биг Мак», «Чикен Макнаггетс» және басқа өнімдер ұсынады.

McDonald`s — қоғамдық тамақтану саласындағы ең ірі әлемдік брендтердің бірі. 35 мың сауда нүктесі бар компания күніне 100-ден астам елде 70 млн адамға өз қызметін ұсынады. McDonald`s дәмханаларының 80%-дан астамы франчайзи болып табылады.