Министерлер Ақтаудағы білім мен медицина мекемелеріне барды

131

Алматы. 18 наурыз. 7kun.kz – Маңғыстау облысына іс сапармен келген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Ақтау қаласындағы бірқатар нысандарды аралады.

Елжан Біртанов Ақтау қаласының 32 шағын ауданында бой көтерген дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысты. Бұл амбулатория  Ақтау қаласының Жоғарғы шағын аудандарының 25 000 астам тұрғындарына қызмет көрсетеді. Министр алғашқы медициналық-санитарлық көмек халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін басым бағыт болып табылатынын атап өтті.

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Ақтау қаласының бірнеше білім беру ұйымдарына барды. 

Министр алдымен үш аусымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында №29 мектептің жағдайымен танысты. Маңғыстау облысында 157 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. 2018-2019 оқу жылында облыста сыйымдылығы 6300 орындық жаңа 9 мектеп пайдалануға берілді.

«Тәуелсіздік алғаннан бері Маңғыстауда 55 мектеп салынған. Алдағы үш жылда Маңғыстау облысында 8 мектеп ашылады. Олар негізінен  үш  ауысымда  жұмыс жасайтын, ғимараттары апатты жағдайдағы мектептерді ауыстырып салынатын болады», – деді К. Шәмшидинова.

Сонымен қатар, іс-сапарда Білім және ғылым министрі Ақтау қалалық Оқушылар Орталығына барды. Қазіргі таңда, орталықтағы өнер мен спорт үйірме түрлерінде 6 500  мыңнан астам бала қосымша білім алуда. Орталық облыс бойынша 35 мыңан астам оқушыны қосымша білім беруімен қамтуда.

Қосымша білім беру ұйымының оқушылар және ұстаздарымен кездесуден соң Күләш Шәмшидинова Халел Өзбеғалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжі жанынандағы IT орталықтын графикалық және Веб дизайн, бейне өндірісі зертханасы, 1с бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді курстарды өткізуге арналған арнайы оқу кабинеттерінде робототехника, инклюзивті білім беруде компьютерлік сауаттылыққа үйрету кабинеттерімен танысты.