ГОНКОНГ – Қаржы нарықтары бүгінгі күні өркендеп келеді. Dow Jones Industrial Average өндіріс индексі, S&P 500, және Nasdaq композиттік индексі көрсеткіштері соңғы уақытта рекордтық шегіне жетті, сонымен қатар барлық инвесторлар жаппай орын алған белгісіздік жағдайында тұрақтылық іздегендіктен, дамып келе жатқан елдердегі қаржы нарықтары да мықты нәтиже көрсетуде. Бірақ, бұл жетістіктер негізгі нарық көрсеткіштеріне негізделмегендіктен, олар тұрақсыз және қосарлас қаупі де жоғары.

Мұхаммед Эль-Эрианның пікірінше, 2007 жылғы қаржы дағдарысынан ұғынбаған сабақ — қазіргі экономикалық өсім модельдерінің «жеке қаржы институттары, содан кейін орталық банктерден алынатын несиелер мен өтімділікке тым тәуелді» болуында. Шынымен де, бүгінгі күні қаржы нарықтарының табыстылығының басты алға итеруші күші орталық банктердің әлі де өтімділікті қамтамасыз етуді жалғастырады деп күтілуінде болып тұр.

Шілдеде АҚШ-тың федералды резев жүйесі пайыздық мөлшерлемелерді өзгеріссіз қалдыру туралы шешімін хабарлаған кезде, Dow Jones Industrial Average индекс көрсеткіші күндізгі және жабылу кезінде рекордқа жетіп, Nasdaq де жоғары деңгейге жетті. Енді, қаржы нарықтары жыл сайынғы Джексон-Хоул, Вайоминг штатында орын алатын әлемдегі ірі орталық банктер өкілдерінің кездесуінен сигналдарды күтуде.

Дегенмен, қазірдің өзінде несие және өтімділікке негізделген, әлсіреген жүйені ары қарай тұрақсыздандыруға апаратын фактор бар. Бұл фактор сандық валюта болып табылады. Және осы жағынан, саясаткерлер мен реттеушілердің бақылауы әлдеқайда аз.

Жеке меншік криптовалюта тұжырымдамасы ресми ақшаға сенімсіздіктен туындады. 2008 жылы, Сатоси Накамото, алғашқы орталықтандырылмаған сандық валюта биткоинды шығарған жұмбақ адам, биткоинды «электрондық қолма-қол ақшаның орталықтандырылмаған жүйесі» деп атады, және ол арқылы «екі тарап ешқандай қаржы мекемесінің қатысуысыз онлайн төлемдерді жасауға» болады.

Халықаралық валюта қорының 2016 жылы шыққан баяндамасында цифрлық валюта (цифрландыруға болатын заңды төлем құралы) мен виртуалды валюта (жалпылай қабылданбаған, заңды емес төлем құралы) арасындағы айырмашылықтар айқын көрсетілген. Биткоин криптовалюта, яғни криптография және бөлінген есептік жүйе арқылы (блокчейн) қоғамдық және толық анонимдік түрде қаржы операцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қалай болса да, Накамотоның биткоинды шығарғанына тоғыз жылдан кейін жеке электронды ақша тұжырымдамасы қаржы нарықтарын толықтай өзгертетіні анық болды. Осы айда, биткоин құны 4,483 долларға жетті, ал нарықтық капиталдану 74,5 млрд долларға жетті (бұл 2017 жылдың басына қарағанда бес есе көп). Алдымыздағы ақыры жарылатын көпіршік пе, немесе ақша тұжырымдамасының неғұрлым радикалды ауысымы ма, оның орталық банктер және қаржылық тұрақтылыққа әсері қатты болады.

Бастапқыда орталық банкиртер мен реттеушілер биткоин және оның негізін қалайтын блокчейнді қамтитын инновацияларды қолдады. Адамдарға мемлекеттің қатысуынсыз мәмілелерді шешу үшін жеке тұрғыда жасалған активті пайдалануға рұқсат берілмеуін дәлелдеу қиынға соғады.

Бірақ ұлттық билік «Silk Road» деп аталатын биткоинмен жұмыс жасайтын заңсыз веб нарықтық торап сияқты осындай активтердің заңсыз қолданылу жағдайлары туралы алаңдады. Бұл есірткіні сатуға арналған заңсыз клирингтік орталық 2013 жылы жабылды, бірақ сол кезден бері мұндай нарықтар көп ашылды. 2014 жылы биткоин биржасы Mt. Gox сәтсіздікке ұшыраған кезде, кейбір орталық банктер, мысалы, Қытай халық банкі, биткоинды пайдаланудан бас тартты. 2015 жылдың қараша айында он ірі орталық банктерден тұратын төлемдер мен нарықтық инфрақұрылымдар жөніндегі халықаралық есеп айырысу комитеті цифрлық валюталар туралы зерттеуді жариялады.

Бірақ, криптовалюталар қауіптілігі заңсыз қызметті жеңілдетумен шектелмейді. Дәстүрлі валюталар сияқты, криптовалюталардың өз құны да жоқ. Бірақ ресми ақшадан айырмашылығы, оларда үшін ешкім жауапкершілік алмайды, яғни олардың құнын сақтап қалуға тырысқан орталық банк тәрізді ешбір мекеме жоқ.

Оның орнына, криптовалюталар, қолданатын адамдардың оларды бағалы деп санағандығы арқасында әлі бар. Бұл активтің құны көптеген жаңа қолданушыларды тартуына байланысты болғандықтан, криптовалюта Понци схемасы сияқты қаржы пирамидасына айналуда.

Криптовалютаны пайдалану ауқымы кеңейе түскендіктен, олардың ықтимал құлдырау салдары да артуда. Қазірдің өзінде криптовалютаның нарықтық капитализациясы әлемдегі алтынның физикалық қорлар құнының 10 пайызына жетті, бірақ олар транзакциялардың өз құндылығы төмен болғандығынан аса ауқымды төлем операцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз, криптовалюталар қазірдің өзінде ауқымды жүйеге айналғанын білдіреді.

Бұл үрдістің қаншалықты алысқа баратынын ешкім білмейді. Техникалық тұрғыдан алғанда, криптовалютаның ақшалай ауқымы шексіз: биткоин 21 миллион бірлікпен шектелген, бірақ мұны «майнерлердің»( мемлекеттік тіркелімге транзакция жазбаларын қосатын адамдар) көпшілігі келіссе, арттыруға болады. Биткоинға деген сұраныс құнды сақтаудың дәстүрлі құралдарына деген сенімсіздікке байланысты. Егер адамдар шамадан тыс салық салу, реттеу немесе әлеуметтік, қаржы тұрақсыздығы салдарынан олардың активтеріне қауіп төнеді деп қорықса, олар криптовалюталарға көбірек жүгіне бастайды.

Өткен жылғы ХВҚ есебінде көрсетілгендей, Қытай, Кипр, Греция және Венесуэлада капиталдың қимылын бақылау мен валюталық бақылау нормаларын айналып өту үшін криптовалюталар пайдаланылды. Саяси белгісіздік немесе қоғамдық тәртіпсіздіктер орын алған елдерде, криптовалюталар капиталдың қашуы үшін тартымды механизмге айналған, бұл отандық қаржылық тұрақтылықты сақтауда қиындықтарды күшейтеді.

Ал мемлекет криптовалюталарды басқаруда ешбір рөл атқармаса да, ол көпіршіктің жарылысы кезінде қалған кез-келген шиеленісті шешуге жауапты болады. Және, көпіршіктің қайда не қашан жарылып кетуіне байланысты бұл шиеленістер аса ауқымды болуы мүмкін.

Резервтік валюталары бар дамыған елдерде орталық банктер бұл қиындықпен күресе алады. Ал дамушы елдер болса күресе алмауы мүмкін.

Ормандағы ең үлкен ағаштар үшін жаңа басып алатын өсімдік түрлер тікелей қауіп төндірмейді. Бірақ кем дамыған жүйелер — орманның сыртындағы көшеттер үшін қауіпті болуы мүмкін. Криптовалюталар жәй қызығушылықпен қарауға болатын жаңа өмір түрлері ғана емес; орталық банктер олар әкелетін қауіптерді ескере отырып, қазірдің өзінде әрекет етуі керек.

Авторлар туралы: Эндрю Шэн — Гонконг университетіндегі Азия жаһандық институтының құрметті қызметкері және тұрақты қаржы жөніндегі ЮНЕП Консультативтік кеңесінің мүшесі,

ал Сяо Гэн, Гонконгтағы Халықаралық қаржы институтының президенті, Гонконг университетінің профессоры болып табылады.

Авторлық құқық: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org