Мұнай өндіру көлемі 3%-ға төмендеді

Қазақстан
Фото: riafan.ru

Алматы. 12 шілде. 7kun.kz — 2019 жылдың 5 айында шикі мұнай өндіру жыл ішінде 3%-ға, 31,2 млн тоннаға дейін қысқарды. Бұл туралы Energyprom хабарлады.

Өндірудің үштен екі бөлігі (60,9%) Атырау облысына тиесілі (жылына 19 млн тонна, -3,4%). Облыстағы шикі мұнай мен ілеспе газдың ірі өндірушілері — «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н. Вю (Қашаған кен орны), «Теңізшевройл» ЖШС (Теңіз кен орны), «Ембімұнайгаз» АҚ және т. б.

Тағы 23,7%-ын Маңғыстау облысының (жылына 7,4 млн тонна, -1%) және 7,8%-ын Қызылорда облысының (2,4 млн тонна, -8,7%) өндірушілері қамтамасыз етеді.

Бұған дейін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстанда ағымдағы жылы мұнай өндіру 89 млн тоннаны құрайтынын айтты. Мұндай көлем Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз кен орындарында күрделі жөндеу жүргізуді есепке ала отырып жоспарланған. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 77,5 млн тонна өнім өндірілді.

«Теңіз кен орнында мұнай өндіру көлемі өсуде, ағымдағы жылы 29 млн тоннаға жетеді деп күтілуде. Болашақта кеңейту жобасын іске асырғаннан кейін 2024 жылы өндірістің жылына 39 млн тоннаға дейін өсуі күтіледі. Бүгінде ауқымды жобада 45 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істейді, жалпы жұмыс көлемі 61% -дан асады», — деді Қанат Бозымбаев Қазақстан елордасында халықпен есеп беру кездесуінде.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, жобаның жалпы құны шамамен 37 млрд доллар, оның 12 млрд доллары — қазақстандық үлес.

«Қашағанда жөндеу жұмыстары аяқталған соң өндіріс көлемі тәулігіне 400 мың баррель рекордтық деңгейге жетті. Осы деңгейге біз ағымдағы жылдың соңында шығуға тиіспіз. Қарашығанақта мұнай өндіру 4,97 млн тоннаны, Теңізде — 12,48 млн тоннаны, ал Қашағанда — 4,24 млн тоннаны құрап, жалпы алғанда 21,7 млн тонна болды», — деп нақтылады Қанат Бозымбаев.

Жалпы, 4 айдың қорытындысы бойынша өндірілген мұнайдың 76% -дан астамы экспортталды. Бұл 22,6 млн тоннаны құрады — өткен жылмен салыстырғанда 2,2%-ға артық.

Заттай көріністегі өсімге қарамастан, ақшалай экспорт көлемі, керісінше, 6%-ға, 10,5 млрд долларға дейін төмендеді.

Айта кетейік, Қазақстан мұнайының негізгі импорттаушылары — Италия, Франция және Корея Республикасы. Ал ТМД елдері арасында мұнай жеткізу көлемі бойынша көшбасшылар — Өзбекстан мен Ресей.