Мұнай бағасы 52 доллар болды

Фото: interfax.ru

ICE Лондон биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы 2015 жылдың 12 қазанынан бері алғаш рет 52 доллардан асты. 7 маусымдағы саудамен салыстырғанда қара алтынның құны аздап өскен, деп хабарлайды lenta.ru.

Сарапшылардың айтуынша, мұнай бағасының көтерілуі Канада мен Нигериядағы шикізатты ұсыну көлемінің қысқаруымен байланысты.

Айта кетейік, Біріккен Араб Әмірлігінің экономикалық даму департаментінің басшысы Али Маджед аль-Мансури жаһандық нарықтағы мұнайдың артық көлемі тәулігіне 1,2-1,5 млн баррелге дейін қысқарғанын мәлімдеген болатын. «Осы жылы мұнай бағасы барреліне 55-60 доллар көлемінде болады деп ойлаймын», — деген болжам айтқан болатын ол.

Сондай-ақ, 2 маусымда ОПЕК елдері Венада өткен кезекті саммитте мұнай өндіру саясатын өзгерту мен шикізат өндірудің жаңа квотасын бекіту туралы мәмілеге келе алмады.

Дегенмен, ОПЕК  ұйымына кірмейтін елдерден нарықтың ережесі мен оны тұрақтандыру шараларына мойынсұнуға шақырды. Бұл бастаманы Венесуэла, Эквадор и Алжир елдерімен қарым-қатынасты реттеу үшін Сауд Арабиясы да қолдап отыр.