Нағыз жұмыс енді басталды – Тоқаев

Жезқазған. 16 маусым. 7kun.kz – Бүгін Жезқазғанда ҚР президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы өтуде, деп хабарлайды 7kun.kz.

Мемлекет басшысы 5 маусымда өткен жалпыхалықтық референдумнан кейін күтілетін өзегірістерге тоқталды.

«Ең бастысы, біздің бағдарымызды халықтың басым көпшілігі қолдап отыр. Азаматтарымыз елімізде түбегейлі өзгеріс болатынына сенеді. Дегенмен, референдум табысты өтті екен деп, босаңсуға болмайды. Нағыз жұмыс енді басталды», – деді президент.

Ол мемлекеттің қайта жаңғыруының жалпыұлттық сипатқа ие екендігін айтты.

«Реформаны жүзеге асыру барысын елге ұдайы түсіндіріп отыруымыз керек. Қазірдің өзінде жаңғыру үдерісі біртіндеп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастады. Шын мәнінде, жаңғырудың әсерін әрбір азаматымыз сезінуі қажет. Елдегі өзгеріске әркім өз ісіндей қараса, шын мәнінде, жаңару жолына түсеміз. Мұны еліміздің әрбір азаматы терең түсінгені жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.