National Geographic журналы 725 млн долларға сатылды

425

Бір ғасырдан астам уақыт бұрын құрылған National Geographic Society Ұлттық географиялық қоғамы қол астындағы National Geographic журналы мен бірқатар активтерін медиамагнат, миллиардер Руперт Мердокқа тиесілі 21st Century Fox компаниясына сатқандығын мәлімдеді. Бұл жөнінде The New York Times басылымы жазады.

Келісім сомасы — 725 млн долларды құраған. National Geographic Partners деген атауға ие болған жаңа медиакомпанияның 73%-ы Мердокқа тиесілі болады. Акцияның қалған бөлігін National Geographic Society топ-менеджерлері иеленеді.

Жаңа компания мультимедиялық контент жасауды басты назарға алады. National Geographic Partners Басқармасының бірінші төрағасы Гэри Нелл болып тағайындалды.

Сандық медиа дәуірінде National Geographic сынды журналдардың жағдайы қиындады деп жазады The Washington Post. 1980-жылдарға дейін журнал 12 млн данамен шықса, кейіннен АҚШ-тағы тиражы 3,5 млн-ға, шетел тілінде басылатын көшірмелерінің тиражы 3 млн-ға азайған.

Бақылаушылар болса, National Geographic-тің болашағы не болады деген оймен әлек. Өзінің жоғары стандарттарын сақтай ала ма, әлде коммерциялық жағы басым бола ма сынды сұрақтар туындап жатыр. National Geographic арнасы сенсацияға баса назар аударып, әсіре «фокстанып» (Fox телевизиялық желілері Мердоктың иелігінде) кетті деген де пікір бар.

Енді National Geographic Society ғылыми-зерттеу және ағартушылық бағдарламаларға инвестицияларды еселеп салып, картография, журналистика және фотография орталықтарын ашуды жоспарлап отыр.