Наурызда инфляция деңгейі Еуроаймақ пен АҚШ-та 7,9%-ды, Ресейде 16,7%-ды құрады

азық-түлік
Фото: newsmakers.com.ua

Тауар жеткізілімінің бұзылуы, инфляцияның күшеюі мен геосаяси шиеленіс себебінен Global Composite PMI наурызда 52,7-ге дейін баяулады. Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматов хабарлады.

Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі наурызда теріс көрсеткішке ауысып, 48,3 болды. Ресейге қарсы санкцияларға байланысты логистикалық проблемалар себебінен шикізат пен материалдардың бағасы өсті.

Экспорт көлемінің қысқаруы әсерінен наурызда өсімдік майы (бір айда 23,2%-ға) және дәнді дақылдар (17,1%) бағасының рекордтық қымбаттауы тіркелді.

«Шикізат, жанар-жағар май, газдың қымбаттауы аясында Еуроаймақтағы инфляция наурызда алдын ала деректер бойынша 7,9%-ға дейін өсті, АҚШ-та – ақпанда 40 жылдық ең жоғары көрсеткішке жетіп, 7,9% болды. Ресейде инфляция наурызда 16,7%-ға дейін жеделдеді», – деді Ғалымжан Пірматов.

Сондай-ақ, ҰБ төрағасы биыл Қазақстан үшін сыртқы инфляциялық жағдай тауар жеткізілімі проблемаларының сақталуына, азық-түлік пен шикізат бағасының өсуіне, теңге бағамының әлсіреуіне және геосаяси тәуекелдердің іске асуына байланысты қолайсыз болатынын атап өтті.

Проинфляциялық тәуекелдердің күшеюін ескере отырып, дамыған елдер, атап айтқанда АҚШ ақша-кредит саясатын жедел күшейтуге көшуде.