Наурыздағы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрады

29
жұмыс
Фото: Sostav.ru

Алматы. 2 мамыр. 7kun.kz — 2019 жылдың наурызында жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрады. Жұмыспен қамту органдарында ресми тіркелген жұмыссыздар саны 143,5 мың адам болды (жұмыс күшінен 1,6%). Бұл туралы ҚР  Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі хабарлады.

2019 жылдың наурыз айында жұмыспен қамтылған халық саны 8756,3 мың адамды құрады.

Экономиканың салалары бөлігінде жұмыспен қамтылған халықтың саны көтерме және бөлшек саудада 5,9%-ға, денсаулық сақтауда 2,1 %-ға, білім беруде 2,8%-ға өсті. Сондай-ақ өнеркәсіптік сектордың тұрақты өсуі аясында өңдеу өнеркәсібінде 0,8%-ға және
көлік және қоймалауда 3,1%-ға өсім байқалды.

Жұмыспен қамтудың төмендеуі тау-кен өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында және құрылыс саласында байқалды.

Жұмыспен қамтылған халықтың 15,9 %-ы — саудада, 14,1 %-ы — ауыл шаруашылығында, 12,6%-ы — білім беруде.

Өңірлер бойынша жұмыспен қамтылған халықтың негізгі өсімі Манғыстау облысында (10,2%-ға), Алматы (2,5%-ға) және Нұр-Сұлтан (2,0%-ға) қалаларында байқалды.