Өнер және демалыс салаларына құйылған инвестиция 14%-ке қысқарды

демалыс
Фото: twasul.info

Алматы. 29 наурыз. 7kun.kz – 2019 жылдың алғашқы екі айында өнер, ойын-сауық және демалыс салаларына құйылған инвестиция көлемі 7,7 млрд теңгені құрады, — деп хабарлайды energyprom.kz.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,4%-ке кем. Ал 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында осы секторларға салынған инвестиция көлемі 2,1 есеге өсіп, 9 млрд теңгеге жеткен болатын.

Айта кетейік, жергілікті бюджет есебінен құйылған инвестиция бір жылда 5,5%-ке ұлғайып, 4,6 млрд теңгені құрады. Өз қаражаты есебінен бөлінген капиталдық қаржы 33,6%-ке өсіп, 2,8 млрд теңгеге жетті.

Сонымен қатар банктердің кредиттері арқылы инвестиция салу бір жылда бірден 99,2%-ке төмендеді. Бұл ойын-сауық және демалыс саласындағы инвестициялардың қысқаруына әсер етті.

Алайда, жыл соңына дейін сектордағы инвестициялар көлемі өзгеруі мүмкін. Мысалы, Алматы облысының аймақтық коммуникация қызметінің хабарлауынша, биылғы жылы Шарын шатқалы аумағында барлық халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа мәдени-ойын-сауық нысанының құрылысы жоспарлануда. Алматы облысы Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділовтың айтуынша, жобаның құны – 1,5 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары үшін 24 га жер телімі бөлінді.

Парк қонақтары үшін 80 м биіктікте үш аспалы көпір және 40 орындық қонақ үй салынатын болады. Жоба іске қосылған кезде жыл сайын орта есеппен келушілерге 375 млн теңгеге қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ бюджет жыл сайын 47 млн теңге салық алатын болады деп жоспарлануда.

Деректер бойынша, 2018 жылы Қазақстанда 15 сауда-ойын-сауық орталығы (жалпы ауданы 102,2 мың шаршы метр, құны 12 млрд теңге), 93 мәдени-ойын-сауық ғимараты (құны 54 млрд теңге), 13 қоғамдық ойын-сауық ғимараты (құны 4,5 млрд теңге), сондай-ақ 374 қонақ үй мен мейрамхана (құны 58,5 млрд теңге) және 4 демалыс және ойын-сауық саябағы (жалпы ауданы 157 мың шаршы метр, құны 1,7 млрд) пайдалануға берілген.