КЕМБРИДЖ – Өздері тәуелді болып келетін шикізаттың әлемдік нарықтағы бағасы төмен болып тұрса да, әлемнің ең кедей елдері жақсы нәтижеге жетіп жатыр. Сахараның оңтүстігіндегі елдердің экономикалық өсімі 2015 жылдан бері құлдырап келеді, бірақ бұл аймақтағы ең ірі үш елдің (Нигерия, Ангола және ОАР) өз проблемаларының кесірінен болып жатыр. Ал, Эфиопия, Кот-д’Ивуар, Танзания, Сенегал, Буркина-Фасо және Руанда биыл 6 пайыздық экономикалық өсімге қол жеткізуді жоспарлаған. Азияда Үндістан, Мьянма, Бангладеш, Лаос, Камбоджа мен Вьетнам да алдына осындай меже қойған.

Мұның бәрі жақсы болғанымен, адамды біраз шатастырады. Бұл елдердің көпшілігі біраз жылдан бері тек табиғат ресурстарына тәуелді болып келген, ал бұл жолы олар табиғат ресурстарына сүйенбестен-ақ, экспортқа бағытталған индустрияландыру арқылы тұрақты даму көрсеткіштеріне қол жеткізді. Бірақ бұлардың тек бірнешеуі ғана айрықша индустрияландыруды жүзеге асырып жатыр. Сахараның оңтүстігінде орналасқан табысы төмен елдер экономикасындағы өнеркәсіптің үлесі өзгерместен тұр, тіпті кейбірінде бұл үлес азайып барады десе болады. Премьер-министр Нарендра Моди сүйікті сөзі «Үндістанда жасайық» деген ұранды жиі қайталағанымен, Үндістан жылдам индустрияланып кете қойған жоқ.

Өнеркәсіп табысы төмен елдердегі экономикалық дамудың ең күшті эскалаторына айналды. Оған мынадай үш себеп бар. Біріншіден, шетелдік технологияларды өзіңе бейімдеп, өнімділігі жоғары жұмыс орындарын ашу біршама жеңілдеді. Екіншіден, өнеркәсіптегі жұмыс орындары ерекше қабілетті қажет етпейді. Қайта оқытуға ешқандай шығын шығармастан, фермерлерді зауыттағы өндіріс жұмысшысына айналдыруға болады. Үшінішден, өнеркәсіп өнімдеріне сұраныс табысы төмен адамдар көп тұратын ішкі нарықпен шектеліп қалған жоқ, іс жүзінде өнім өндіруді ешқандай шектеусіз экспорттың көмегімен ұлғайтуға мүмкіндік болды.

Бірақ бұл тәртіп те өзгеріп келеді. Сараптамаларға қарасақ, соңғы онжылдықтарда өнеркәсіп саласына білікті мамандар көбірек қажет бола бастады. Жаһандану өз алдына, өнеркәсіпке жаңа келгендер әлемдік нарыққа дендей еніп, Азиядағы өнеркәсіп алпауыттарының тәжірибесін қайталай алмады. Бірер экспортерді қоспағанда, дамушы экономикалар тез арада деиндустриализациялана бастады. Артта қалған елдерге орнатылған эскалаторды алып тастағандай әсер қалдырады.

Сонда, әлемдегі ең кедей елдердің соңғы жылдардағы қарқынды дамуын қалай түсіндіреміз? Бұл елдер дамудың жаңа моделін тапты ма?

Халықаралық Азық-түлік саясатын зерттеу институтының ғалымы Синшень Дяо мен Тафтс университетінің ғалымы Маргарет Макмиллан соңғы зерттеуінде ерекше жетістікке жеткен елдердің даму ерекшеліктерін салыстырды. Бұл елдердің қандай құрылымдық өзгерістерге қол жеткізгеніне баса назар аудара отырып, таңқаларлық екі жайтты байқадық.

Біріншіден, Эфиопия, Малави, Сенегал, Танзания сияқты кедей елдерде индустрияландыру болмаса да, дамуға бағытталған құрылымдық өзгерістер өте көп пайдасын тигізген. Еңбек нарығы өнімділігі төмен ауылшаруашылық жұмыстарынан өнімділігі жоғары жұмыстарға қарай ойысқан. Бірақ бұлар өнеркәсіптен гөрі қызмет көрсету саласына бейімделген.

Екіншіден, жылдам құрылымдық өзгерістер ауыл шаруашылығынан өзге салалардағы еңбек өнімділігін төмендету арқылы жүзеге асқан. Басқаша айтсақ, қызмет көрсету саласы жаңа жұмыс орындарын ашып, әу баста ерекше өнімділік көрсеткенімен, қанатын жайған сайын өнімділік төмендеген. Бұл жайт Шығыс Азиядағы дамудың классикалық үлгілеріне (мәселен АҚШ пен Оңтүстік Корея) мүлде қарама-қайшы болып тұр. Себебі бұл елдерде ауыл шаруашылығынан басқа салалардағы еңбек өнімділігінің құрылымдық өзгерістері жалпы дамуға көмектескен еді.

Бұл айырмашылықтың себебі – қалалық, заманауи секторларын кеңейтіп дамыған елдер экспортқа бағытталған өнеркәсіптің емес, ішкі сұраныстың арқасында қарыштап қадам жасаған. Мәселен, жалпы сұраныстың өсуіне негізделген Африка моделі не шетелден келген трансферлердің арқасында, не ауыл шаруашылығындағы өнімділіктің артуының арқасында дамуға қол жеткізген.

Мысалы, Эфиопияда жер суаруға, транспортқа, энергетикаға салынған мемлекеттік инвестиция ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділікті және халықтың табысын біршама арттырған. Бұл өнімге бағытталған құрылымдық өзгеріске жетеледі, себебі сұраныстың өсуі ауыл шаруашылығынан басқа салаларға да оң әсер етті. Алайда, ауыл шаруашылығынан басқа салалардағы еңбек өнімділігі төмендеді, себебі капитал табысы кеміп, өнімділігі төмен фирмалар азая бастады.

Десе де, бұрыннан бар дәстүрлі сала – ауыл шаруашылығындағы өнімділіктің күрт артуының маңызын азайтуға болмайды. Әсіресе Африкада ауыл шаруашылығы тек өз саласында ғана емес, жалпы дамуға бағытталған құрылымдық өзгерістерге қол жеткізуде басты рөл атқарды. Дәстүрлі емес өнімдерді өндіру бағытында диверсификациялап, өнім өндірудің жаңа техникасын меңгерудің арқасында ауыл шаруашылығы квази-модерн шаруашылық түріне айналды.

Бірақ бұл процесс экономиканы көп алға сүйрей алмауы мүмкін. Оның бір себебі – ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұраныстың ауқымы шектеулі, оның үстіне даму процесі кезінде ауыл шаруашылығында қызмет ететін еңбек күшінің сыртқа кететін әдеті бар. Босаған еңбек күші заманауи шаруашылықтарға бейімделуі керек. Ал бұл заманауи секторларда еңбек өнімділігі артпаса, онда жалпы экономиканың дамуы кібіртіктеп қалады. Егер заманауи сектор өнімділігін өздігінен арттырмайтын болса, онда құрылымдық өзгеріс компоненттерінің дамуға қосар үлесі де шектеулі болмақ.

Адам капиталы мен оларды басқарудағы ілгерілеудің арқасында Африканың табысы төмен елдері болашақта өнімділік өсімін орташа қарқында сақтап тұра алуы мүмкін. Бай елдердегі табыс деңгейімен конвергенцияға да қол жеткізуге болады. Бірақ, біздің дәлеліміз бойынша, соңғы кездегі жылдам құрылымдық өзгерістердің арқасындағы болған өсім ұзаққа созылмауы мүмкін.

Автор туралы: Дэни Родрик — Гарвард университеті Джон Кеннеди Басқару мектебінің Халықаралық саяси экономика профессоры және «Экономикалық ережелер: күңгірт саясаттың жақсы және жаман жақтары» кітабының авторы.

Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org