Несие кепілдігіне онлайн өтінім берушілер саны артты

несие
Фото: bnews.kz

Алматы. 2 тамыз. 7kun.kz — Қазіргі кезде 180 млн теңгеге дейінгі несие бойынша кепілдік беру қызметі автоматтандырылsg www.egov.kz. порталына орналастырылған. Кәсіпкерлер интернеті бар кез келген жерде отырып, кепілдікке www.egov.kz арқылы онлайн өтінім бере алады. Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Кепілдік сұрап электронды түрде өтінім беретін кәсіпкерлер санының артып келе жатқанын байқаймыз. Еgov порталын белсенді түрде пайдаланып жүрген кәсіпкерлер өтінімді электронды түрде жібергенді жөн көреді. Себебі бұның артықшылықтары бар. Мысалы, мемлекеттің қолдауын алу барысында уақыт үнемдеу, қағазбастылықтан құтылу және қызмет көрсету барысының жариялы, ашық болуы қызықтырады», — деді «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

2016 жылдың сәуір айынан бастап, www.egov.kz «электронды үкімет» порталы арқылы 240 өтінім келіп түскен. Банк алдында кепілзаты жетпегендіктен Қордан кепілдік сұраған бұл өтінімдер – портал арқылы берілген барлық өтінімдердің 20%-ын құрайды. Оның ішінде 212 өтінім мақұлданып, 21 өтінім қаралу үстінде. Ең көп өтінім Ақтөбе облысында тіркелген. Мұнда 39 кәсіпкерден өтінім түскен.  Электронды үкімет порталы арқылы көп өтінім түскен өңір бойынша екінші орында Атырау облысы. Мұнда 37 өтінім тіркелген. Үшінші орында 29 өтінім берген Қостанай облысы тұр. Алдыңғы бестікке Павлодар, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстары да кіреді.

Банк алдында кепіл мүлкі жетіспеген жағдайда кепілдік алу процесі 2016 жылдың көктемінен бастап автоматтандырылды. Бұл — egov.kz порталы арқылы шағын және орта кәсіпкерлікке қаржылай қолдау көрсететін тұңғыш мемлекеттік қызмет түрі. Өтінім 5 күн ішінде онлайн режимде қаралады. 2018 жылы 180 млн теңгеден жоғары несиеге кепілдікке өтінім беру де автоматтандырылады деп жоспарланып отыр. Келесі жылдан бастап несие сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға деген өтініш те автоматтандырылған жүйемен қаралады.