Алматы. 19 наурыз. 7kun.kz – 2019 жылы мамыр айынан бастап баспанаға мұқтаж көп балалы отбасыларға пәтер беріле бастайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр осылай хабарлады.
ҚР Үкіметінің алаңындағы баспасөз конференциясы барысында министр көп балалы отбасылардың қашан, қалай және қандай шарттармен баспана ала алатыны туралы айтып берді.
«1 мамырдан бастап еліміздің өңірлерінде тұрғын үйге мұқтаж көп балалы отбасыларға баспана беріле бастайды. Биыл көп балалы отбасыларға 6 мың пәтер салынып, беріле бастайды және алдағы 7 жылда 40 мыңға жуық пәтер беріледі», — деді Р. Скляр.
Министрдің айтуынша, бағдарлама — жаңа, ертең ҚР Парламенті Мәжілісінде қаралады. Сәуірде бюджет бекітіліп, мамырда 1–1,5 мың пәтер баспанаға мұқтаж отбасыларға беріле бастайды деген жоспар бар.
«Бізде 25 млрд теңге дайын пәтерлерді сатып алу үшін және 25 млрд теңге құрылыс пен жаңа үйді алуға қарастырылған. Астанада аталған бағытта 5,1 млрд теңге бөлінген», — деді министр.
Сонымен қатар, Р. Скляр баспанаға мұқтаж азаматтар санаттарын қолдаудың жаңа тетігі ензіліп жатқанын атап өтті.
«Сертификаттар – ең көп дегенде 1 млн теңгені құрайтын жаңа тетік, ол жергілікті бюджет мүмкіндіктеріне қарай беріледі. Мұқтаж санаттар – бюджет саласының жұмысшылары, мемлекеттік қызметкерлер және қолдауға мұқтаж жандар», — деді ол.
Министрліктің деректері бойынша, жалпы республика бойынша баспана алуға халықтың әлеуметтік осал тобының қатарынан кезекте 280 мыңға жуық адам тұр, олардың 61 мыңы — жетім балалар, 104,2 мыңы — толық емес және 28,1 мыңы — көп балалы отбасылар.