Экономика
2015 жылы қарт азаматтарды әлеуметтік қолдауға 5,6 млрд теңге бөлінген
2015 жылы қарт азаматтарды әлеуметтік қолдауға 5,6 млрд-тан астам теңге қарастырылған. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде өткен «Қарттарға мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсету шаралары туралы» атты брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице- министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Ағымдағы жылы жергілікті бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, қарт азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуге 4,1 млрд. теңге шамасында қаражат бөлініп, сонымен қатар, 1,5 млрд-қа жуық қаражат бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бағытталған.
Нәтижесінде 2,5 млрд. теңге көлеміндегі біржолғы материалдық көмекті 268 мың адам алған. 202 мың қарт азаматтарды жалпы қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдігімен қамтамасыз ету үшін 2,1 млрд теңге бөлінді.
36,2 мың адам 115,2 млн. теңгеге жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілсе, 603 млн. теңге тұрғын үйді жөндеуге, отынмен қамтамасыз етуге және көмектің басқа да түрлеріне бағытталды.
«Қазақстандағы жалғыз басты қарттар мен еңбекке қабілетсіз азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында әлеуметтік көмек бөлімшелерінің желісі құрылды. Қазіргі таңда елімізде 343 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері жұмыс істеуде. Онда 35 мыңнан астам жалғызбасты еңбекке қабілетсіз қарт азаматтарға қызмет көрсетіліп келеді. Олардың 26 мыңнан астамы - әйелдер», - дейді Светлана Жақыпова.
Өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндігі толық немесе жартылай шектелген адамдар жартылай стационар жағдайында медициналық және оңалту қызметтерін алады, не болмаса медициналық- әлеуметтік мекемелерде толық мемлекеттік қамсыздандыруда болады (әрі қарай – МӘМ). Республикада бүгінде 4,7 мың азаматқа (оның ішінде 2,7 мыңнан астамы әйелдер) қызмет көрсететін 10 оңалту (күндізгі бөлім) орталықтары жұмыс істейді.
Сондай-ақ, 7 мыңнан астам адам тұратын қарттар мен мүгедектерге арналған 49 МӘМ қызмет көрсетеді.
«Қарттарға медициналық көмек кепілді тегін мемлекеттік медициналық көмек аясында республикалық, сондай-ақ, аймақтық деңгейде де тегін көрсетілуде», - деп атап айтты Вице- министр.
Естеріңізге сала кетейік, жыл сайын 1 қазанда Қазақстанда Халықаралық қарттар күні аталып өтеді. Мерекенің басты мақсаты – қоғам назарын қарт жастағы азаматтардың проблемаларына аудару. Қазіргі таңда республикада 1 млн. 950 мыңнан астам қарт азаматтар бар.