Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Google-да ең көп ізделген қаржы сөздері

Google-да ең көп ізделген қаржы сөздері

Google іздеу жүйесі Google Trends қосымшасы арқылы бір жыл ішінде сервисте ең көп ізделген сөздер есебін жариялады. Ал бүкіл әлемнің қолданушылары ең көп іздеген тақырып немесе сөздер қандай? Оның ішінде қаржыға қатысты қандай тақырыптар көп ізделді? 7kun.kz анықтап көрді. 

Сөздерге Google корпорациясының Google Trends қосымшасы арқылы сараптама жасалған.

Әлемге қандай сөздер қажет болды?

Әр жылдың соңында Google Trends 12 айда жүйеде ізделген сөздерге шолу жасайды. Кейбір сөздер белгілі бір оқиғаға байланысты ең көп қаралғандар қатарында болса, енді бірі тізімге кездейсоқ шығып кеткен. Сонымен жүйе қолданушылары 2016 жылы Pokomen Go ойын туралы, iPhone7 гаджетіне қатысты ақпаратты, АҚШ-тың 45-ші Президенті Дональд Трамп туралы көп қараған.

Әлемде жиі ізделген қаржы тақырыптары

Қаңтар айында қаржы саласына қатысты ең көп ізделген сөз - төменгі жалақы. Бұл тақырыпты Венесуэла, Колумбия, Бразилия елдері жиі қараған. Бұған себеп адамдар АҚШ-та төменгі жалақының 15,5 долларға дейін өсуіне қызығушылық танытқан.

Google-да әлем бойынша көп терілген сөздердің бірі - жемқорлық. Бұл сөзді іздеушілердің саны наурыз айында артқан. Ең көп іздеген мемлекеттер Нигерия, Индонезия, Гана. Қазақстан бұл сөзді іздеу бойынша 43%-бен 6 орынға тұрақтаған.

Ал сәуір айында жүйе қолданушылары Панама сөзін жиі іздеген. Оның себебі де түсінікті. Өйткені сәуірде "Панама құжаттары" деген атаумен оффшорлы компанияларға қатысты 11 миллионға жуық құжат жария болды. Халықаралық журналистік тергеу консорциумы (ICIJ) 12-ге жуық әлемдік көшбасшының және 128 саясаткердің, Forbes тізіміне енген 29 миллиардердің офшорлы келісімдері бар екенін анықтады. Нәтижесінде оффшорлы аймақта өздерінің "артық қаржысын" жасырған әлемге танымал кейбір шенеуніктер отставкаға кетті.

Сондай-ақ, 2016 жылы көп ізделгендердің қатарында стипендия сөзі бар. Бұл сөзді іздеушілердің саны қыркүйек айында артқан. Жиі іздеген елдер - Зимбабве, Эфиопия, Чили, Гана елдері алдыңғы орында.

Қазақстандықтар не мазалайды?

2015 жылы елімізде ұлттық валюта әлсірегеннен кейін доллар мен рубльге қатысты теңге бағамы жиі ізделді. Ал биыл қазақстандықтар мұнай саласына да қызығушылық танытқан. Қара алтынға қатысты ақпарат осы жылдың қаңтар айында көп қаралды. Оның себебін мұнай бағасының күрт арзандап кетуімен түсіндіруге болады. Мұнай туралы іздеушілердің үлесі - 80%. 

[caption id="attachment_58465" align="alignnone" width="1181"] 2016 жыл, 29 желоқсан[/caption]

Сондай-ақ, қазақстандық қолданушылар Google-дан каспи кз сөзін көп қараған. Ең белсенді іздеушілер Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары.  Ең көп ізделген уақыты - 2016 жылдың қаңтар айы.

2016 жылы елімізде қаржылық дағдарыс болғандықтан қолданушылар банктерге де қатысты сұраныс жасаған. Google Trends жасаған сараптамаға сәйкес, Қазком, Каспи банк, АТФБанк, Хоум банк сияқты қаржы институттары қаралған.

Қазақстан қор биржасы да іздеу жүйесінде шет қалмаған. KASE туралы ақпарат сервисте қараша айында белсенді қаралған. Бұған қоса бағалы қағаздар мен акционерлік капитал көп ізделген тақырыптар қатарында.

Ескерту: Қазақстанда ізделген қаржылық сөздер тізімі 29 желтоқсандағы көрсеткіш бойынша дайындалды. Google Trends үнемі жаңарып отырғандықтан тізім өзгереді. 

Похожие материалы