2017 жылдың ІІ тоқсанында орташа айлық атаулы жалақы 149 мың 951 теңгені құрады
Алматы. 1 тамыз. 7kun.kz - 2017 жылғы 2 тоқсанда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 149 мың 951 теңгені құрады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атаулы жалақы индексі 2016 жылдың ІІ тоқсанына қарағанда 104,4 пайызды, ал нақты жалақы индексі 97,1 пайызды құрады.
Салалық құрылымда ең үлкен атаулы жалақы қаржы және сақтандыру қызметінде – 315,3 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 2,1 есеге асты), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – 253,2 мың теңге (1,7 есеге асты), ақпарат және байланыс саласында – 222,4 мың теңге (1,5 есеге асты), өнеркәсіп саласында – 202,3 мың теңге (1,3 есеге асты), құрылыс саласында – 184,9 мың теңге (1,2 есеге асты) болып белгіленді.
Ең төменгі атаулы жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығы қызметкерлерінде белгіленді – 88,3 мың теңге. Бұл республика бойынша орта көрсеткіштен 41,1 пайызға төмен.
Өңірлік бөліністе ең жоғарғы жалақы Маңғыстау облысында белгіленді – 253,9 мың теңге. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен шамамен 1,7 есеге асады. Жамбыл облысында мұның шамасы 103,1 мың теңгені құрады, ол ел бойынша орташа деңгейден 31,3%-ға төмен.