Алматы. 15 ақпан. 7kun.kz – Әлемдегі жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Бұл туралы Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) жаңа есебіне сілтеме жасай отырып Вести.Экономика сайты хабарлады.
Баяндаманың мәліметтері бойынша, 2018 жылы 3,3 млрд адам жұмыс істеді. Алайда, олардың көпшілігі аздаған жалақы алып, ауыр жағдайларда еңбек етті.
«Жұмыспен қамту – бұл лайықты өмір сүру деңгейіне кепілдік емес. Әлемде 700 млн адам кедейшілікте өмір сүреді», - дейді ХЕҰ өкілі Дамьян Гримшоу.
ХЕҰ еңбек нарығында гендерлік теңдік мәселесі бойынша ешқандай прогреске қол жеткізілмегенін атап өтті. Әйелдердің тек 48%-і жұмыс істейді. Ер адамдар арасында бұл көрсеткіш 75%-ті құрайды. Сонымен бірге әлемдегі жастардың 20%-і жұмыс істемейді және оқымайды.
ХЕҰ-ның есебінде бейресми жұмыспен қамту бұрынғысынша өте жоғары деңгейде екенін айтады. Бейресми секторда 2 млрд адам
(жұмысшылардың шамамен 61%-і) істейді.
Еуропада жұмыссыздық деңгейі соңғы онжылдықта ең төменгі деңгейге дейін төмендеді және 2020 жылға дейін төмендей береді.
Шығыс Еуропа елдерінде жұмыспен қамтылған адамдардың саны таяудағы екі жылда біршама азаяды, алайда бір мезгілде еңбекке жарамды халықтың саны да едәуір қысқарады. Осылайша, үрдіс сақталады - жұмыссыздық деңгейі төмендейді. Орталық Азия елдерінде негізгі проблема экономиканың бейресми секторында жұмыспен қамту болып қалады: бұл көрсеткіш шамамен 43%-ті құрайды.