Алматы. 24 қаңтар. 7kun.kz – 2018 жылы Қазақстанның алты облысына газ тартылады. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Энергетика министрі хабарлады.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, былтыр газ өндірісі 2016 жылмен салыстырғанда, 14 пайызға артқан. Мұнай өндірісінде де өсім бар. 2018 жылы еліміздің 6 облысындағы 12 елді мекенді көгілдір отынмен қамту жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 12 млрд 8 млн теңге бөлінген. Осылайша, ел аумағын газбен қамту деңгейі жыл аяғына дейін 48,65 пайызға жеткізілетін болады.
"Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Алматы облысы жалпы сомасы 12,8 млрд теңге болатын 12 жобаны газдандыру іске асырылады. Оның ішінде 7-еуі аяқталу барысында. 2017 жылы жүргізілген жұмыс нәтижесінде еліміздің газдандыру деңгейі 47,38 пайыз болды. 6 облыстың 11 елді мекенінде 17 жоба іске асырылды. Шамаман 30 мың тұрғынның газ мәселесі шешілді", - дейді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Көп ұзамай Астанаға да газ келеді. Осы орайда халықаралық қаржы институттарымен тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жалпы газ өндіру көлемін 2018 жылы 53,4 млрд текше метрге дейін жеткізу жоспарланған. 2016 жылға қарағанда газ өндірісі 14 пайызға артқан. Өнімнің 17,2 млрд текше метрі экспортталды. Мұнай өндірісінде де өсім бар. Алайда Қазақстан мұнай өндірісін азайту туралы ОПЕК келісімі аясындағы барлық міндеттемелерін орындап келеді.
"Қазақстан 2017 жылы бір тәулікте 1 млн 720 мың баррель мұнай өндірді. Жалпы айтқанда, біз 40 мың баррель жоғары кеттік. Бірақ ол үлкен көрсеткіш емес. Ешқандай туындап отырған проблема жоқ. Сондықтан былай салыстырсақ, өз міндеттемелерімізді орындап жүрміз", - деді министр.
Сонымен қатар, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев аязды күндері оңтүстікте өңделген дизель отынының солтүстікке жарамайтынын еске салды. Алыс сапарға шығатын жүргізушілердің жанар-жағармайды таңдауға жауапкершілікпен қарау керек екенін атап өтті. Қазір Қазақстанда К4, К5 класының сапалы отындары шығарылады. 2018 жылдан бастап, К2 отынын өндіруге тыйым салынды.
2018 жылы 6 өңірге газ тартылады Жамбыл, ОҚО, Ақтөбе, Қызылорда, БҚО, Алматы қаласы. Оған бөлінген қаржы - 12,8 млрд теңге.