Алматы. 12 тамыз. 7kun.kz — МӘМС енгізілгеннен кейін Қазақстандағы медициналық көмектің жалпы бюджеті 2020 жылдан бастап бір жарым есе өсіп, 1 трлн 548 млрд теңгеге жетеді. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін (ТМККК) қамтамасыз етудегі 967 млрд теңге және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудағы (МӘМС) 580 млрд теңге бар. Бұл туралы бүгін Қарағанды облысында МӘМС пилоттық жобасын іске қосу жөніндегі жұмыс тобының отырысында медициналық сақтандыру қорының стратегия жөніндегі басқарушы директоры Нұрлан Қасымов мәлімдеді.
Салыстыру үшін, 2019 жылы медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыруды ескере отырып, халық үшін медициналық көмек сатып алудың жалпы сомасы 1 трлн 025 млрд теңгені құрады.
"Консультациялық-диагностикалық көмек көлемі 5,8 есеге, стационарды алмастыратын көмек 2,5 есеге, медициналық оңалту 13,2 есеге өседі. Сондай – ақ, паллиативтік көмек пен жоғары технологиялық медициналық қызметтер көлемі артады", - деді Қасымов.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Медициналық сақтандыру қорына сатып алу процесін тиімді құруды, оның ішінде Қарағанды облысында, және медициналық қызметтерді негізсіз артық тұтынуға жол бермеуді ұсынды.
"Бүгінде біз негізсіз тағайындаудың бірнеше үлгісін көріп отырмыз. Талдау көрсеткендей, шамамен 70%-ы зертханалық қызметтер, тек 13%-ы тар мамандардың қызметтері. Бұл зертханалық қызметтерді шамадан тыс тұтынуды білдіреді. Ал біз ТМККК және МӘМС тар мамандардың қызметтерін арттыруымыз керек, өйткені олар халықтың барлық "қалта" шығындарының үлкен үлесін алады. МӘМС енгізу жеке шығындарды төмендетуді көздейтінін ескере отырып, тар мамандар меншік нысанына қарамастан қол жетімді болуы тиіс – бұл жеке медициналық немесе мемлекеттік ұйым болсын", – деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, цифрландырудың арқасында Денсаулық сақтау министрлігінің шенеуніктері әрбір көрсетілген қызметті және барлық негіздемені көре алады.
"Бұрын кәсіби тексерулер дұрыс саналмаған, сол себепті олардың сапасы нашарлады. Алайда келесі жылдан бастап әрбір қызмет ақпараттық жүйелерде көрініс табады және оның сапасына сәйкес талаптар қойылады », - деп қорытындылады Ләззат Ақтаева.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024