Экономика
Тәжікстанда шетел валюталарымен заңсыз операциялар жүргізген жеке тұлғаларды жазалау шаралары күшейтіледі
Тәжікстан Ұлттық банкі (ТҰБ) Үкіметке шетел валюталарымен заңсыз операциялар жүргізген жеке тұлғаларды жазалау шараларын күшейтуді ұсынды. Бұл туралы ҰБ төрағасының бірінші орынбасары Джамолиддин Нұралиев, жұма күні Душанбеде өткен брифингте хабарлаған.
"Үкіметке шетел валюталарымен заңсыз операция жүргізген жеке тұлғаларға (валюта айырбастау және тауарларды шетел валютасында сату) қатаң жаза қабылдау мақсатында Қылмыстық кодек пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу ұсынылды",- деді Д.Нұралиев.
Оның сөзінше, Ұлттық банктегі қолма-қол ақша нарығын тұрақтандыру мақсатында бірқатар шаралар қолданылды. Атап айтқанда, ТҰБ-нің жұмыс тобы және прокуратура қызметкерлері мен Мемлекеттік қаржылық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі бір аптадан астам уақыт аралығында, күн сайын Душанбедегі және республикаға бағынатын аймақтардағы валюта айырбастау пунктерінің жұмыстарын бақылауға алған.
"Нәтижесінде, несие ұйымдары бүгінге дейін ақша айырбастау пунктеріндегі 38 қызметкерге қатысты іс қозғады. Олардың иелеріне банктер мен несиелік-депозиттік ұйымдар ірі көлемде айыппұлдар салды",-деді ол.
Сонымен қатар, Д.Нұралиев ақша айырбастау жұмыстарына жаңа ереже енгізілгенше, мемлекеттегі ақша айырбастау пунктерінің жыл соңына дейін жұмысын тоқтататынын айтты.
"Енді валюталық операциялар тек банктердің қызмет көрсету орталықтарында, қаржы мекемелердің филиалдарында және несие ұйымдарының бас кеңселерінде өткізіледі",-деді Д.Нұралиев.
Енді ел тұрғындары жоғарыда аталған мекемелерде ғана валюталарын айырбастай алады. Өзге жерлерде мұндай келісімдер жасау заңсыз деп танылып, сатып алушы және сатушы жауапкершілікке тартылатын болады.
Фото: dknews.kz