Экономика
Енді WhatsApp тегін болады
2014 жылдан бастап Facebook компаниясының иелігіне өткен WhatsApp мессенжері енді абоненттік төлем алмайтын болады. Келесі аптадан бастап қосымшаны қолдану тегін болмақ. Бұл жөнінде компанияның блогында жазылған.
«Көптеген қолданушыларымыздың банк карталары жоқ. Сол себепті, оларда бір жылдан кейін қолдана алмай қаламын ба деген қорқыныш тұрады», - дейді компаниядағылар.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, ұялы байланыс құрылғыларындағы мессенжерлерді әлем бойынша 1,4 млрд адам қолданады. Бұл дегеніміз, 2014 жылмен салыстырғанда 31,6%-ға көп. Демек, ағымдағы жылдың соңына дейін барлық смартфон иелерінің 75%-ы мессенжердің көмегімен байланысады деген сөз. 2018 жылға дейін бұл көлем 1,8 млдр-қа өседі деген болжам бар.
Әлемдегі ең танымал мессенжерлер - WhatsApp, Facebook Messenger, WeChat, Line және Snapchat. Facebook иелігіндегі WhatsApp және Facebook Messenger-ді жаһанның 20 шақты елінде қолданады. 2015 жылдың қыркүйегінде жасалған есеп бойынша, WhatsApp аудиториясы 900 млн қолданушыдан асса, Facebook Messenger-ді 700 миллионнан астам адам қолданады.