Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ұлттық банк: 2015 жылы теңге нақты көрсеткіш бойынша 29,9%-ға әлсіреді

Ұлттық банк: 2015 жылы теңге нақты көрсеткіш бойынша 29,9%-ға әлсіреді

2015 жылы теңге нақты көрсеткіш бойынша 29,9%-ға әлсіреді (34 елдің валюталарына қатысты нақты тиімді айырбастау бағамы индексінің өзгеруі), ал 2014 жылдың басынан бастап 2015 жылғы желтоқсан аралығында әлсіреу 25,6%-ды құрады. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметінен хабарланды.

Теңгенің Ресей рубліне қатысты әлсіреуі 2015 жылы нақты көрсеткіш бойынша (нақты айырбастау бағамы) 29,3%-ды құрады, ал 2014 жылдың басынан бастап нақты көрсеткіш бойынша 1,9%-ға әлсіреді.

Негізгі сауда әріптестердің валюталарына қатысты нақты айырбастау бағамдарының деректері кестеде келтірілген.

[caption id="attachment_35608" align="alignnone" width="726"]Снимок Дереккөз: Ұлттық банк[/caption]

Банк мәліметіне сәйкес, ағымдағы операциялар шотының тапшылығы алдын ала бағалау бойынша 2014 жылғы 6,0 млрд АҚШ доллары болған профицитпен салыстырғанда 2015 жылы 5,3 млрд доллар болды және тауарлардың таза экспорты көрсеткішінің күрт қысқаруымен байланысты болды.

Ал сауда балансының оң сальдосы Ұлттық банктің бағалауынша, 2014 жылғы көрсеткішпен (2014 жылы 36,7 млрд доллар) салыстырғанда 65,6%-ға төмендеп, 12,6 млрд АҚШ доллар болды.

Төлем балансының жіктеуіші бойынша, тауарлар экспорты 2015 жылы 2014 жылмен (2014 жылы 80,3 млрд доллар) салыстырғанда 42,4%-ға төмендей отырып, 46,2 млрд АҚШ долларын құрады. Мұнайдың әлемдік бағасы экспорттың қысқаруының негізгі факторы болды – орташа алғанда 2015 жылы Вrent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 52,4 долларды (2014 жылы орташа алғанда бір баррель үшін 98,9 доллар) құрады. Мұнай мен газ конденсаты экспортының құны 26,8 млрд долларға азайып, 2 есе қысқарды. Қалған тауарлар бойынша экспорт 27%-ға қысқарды.

Тауарлар импорты 22,9%-ға қысқара отырып, 33,6 млрд доллар болды (2014 жылы 43,6 млрд доллар). Өнімдердің барлық түрлері бойынша тауарларды әкелу төмендеді.

Таза экспорт көрсеткіші төмендеген кезде ағымдағы шотқа түсетін қысым басқа құрауыштар бойынша теріс баланстардың қысқаруы есебінен төмендейді. Резиденттердің тауарлар экспортынан кірістерінің төмендеуі нәтижесінде бейрезиденттердің Қазақстанға тікелей инвестициялардан таза кірістері 2014 жылғы 19,6 млрд доллардан 2015 жылы 8,1 млрд долларға дейін айтарлықтай төмендеді. Резиденттердің іскерлік және инвестициялық белсенділігінің төмендеуі халықаралық қызметтер балансы тапшылығының 2014 жылғы 15,6%-дан 5,4 млрд долларға дейін қысқаруына әкеп соқты.

Алдын ала бағалау бойынша қаржылық шот бойынша капиталдың таза әкелінуі (Ұлттық банктің резервтік активтерімен операцияларды қоспағанда) 2015 жылы 11,1 млрд АҚШ долларын құрады (2014 жылы 6,8 млрд доллар). Бұл ағын негізінен тікелей инвестициялау операцияларымен және мемлекеттік сектордың қаражат тартуымен қамтамасыз етілді.

Қазақстан резиденттерінің тікелей инвестициялары түріндегі сыртқы активтер 2015 жылы 1,7 млрд долларға, ал қазақстандық кәсіпорындардың үлестес бейрезиденттер алдындағы міндеттемелері 6,0 млрд долларға өсті. Соның нәтижесінде тікелей инвестициялардың балансы бойынша капитал ағыны 4,3 млрд долларды(2014 жылы 4,7 млрд доллар) құрады.

Портфельдік инвестициялар балансы бойынша 5,9 млрд АҚШ доллары болатын капиталдың таза әкелінуі (таза әкету 2014 жылы 1,0 млрд доллардан аса) Ұлттық қордың шетелдік активтерінің қысқаруы және ҚР Қаржы министрлігінің еурооблигацияларын шығару есебінен қалыптасты.

Ағымдағы операциялар шотының қалыптасқан тапшылығы төлем балансы қаржылық шотының операциялары, сондай-ақ 2015 жылғы екінші және үшінші тоқсандарда Ұлттық банктің резервтік активтерін пайдалану есебінен қаржыландырылған болатын. Тұтастай алғанда Ұлттық банк резервтік активтерінің төлем балансы операцияларының есебінен бір жылдағы қысқаруы шамамен 0,8 млрд долларды құрады.

Фото: newskaz.ru

Похожие материалы