Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

"Атамекен" ҰҚП шағын кәсіпкерлікті несиелеуді бастады

"Атамекен" ҰҚП шағын кәсіпкерлікті несиелеуді бастады

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын кәсіпкерлікті шағын несиелеу бағдарламасын іске қосты. Бұл туралы кәсіпкерлер Палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Қайтарылмалы негізде 1 млрд 200 млн теңге көлеміндегі бағдарламаны қаржыландыру «АЛМЭКС» компаниялар тобының жеке капиталын тарту арқылы іске асады. Осыған орай Палата басқармасы төрағасы Абылай Мырзахметов пен «АЛМЭКС» басқарма төрағасы Мәжит Есенбаев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. «Былтырдан бастап Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары арқылы біз тегін бизнесті сервистік қолдауды іске асырып келеміз. Енді оған қоса шағын несиелер түрінде қаржылық демеу көрсететін боламыз. «АЛМЭКС» компаниялар тобы біздің идеямызға бірінші болып қолдау көрсетті. Оларға бұл үшін үлкен ризашылығымызды білдіреміз», – деді Мырзахметов меморандумға қол қойғаннан соң өткен баспасөз конференциясында. Бағдарлама аясында 4 пилоттық облысқа 300 млн теңгеден бөлінетін болады, оған қоса әкімдіктер осы сома мөлшерінде қосымша қаржыландырмақ. Шағын несиелер 6-7% пайызбен 3 жылға беріледі. «Жобаға үлкен қызығушылық танытқан Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау және Алматы облыстарында қазір дайындық жұмыстары өтуде. Жақында ғана Жамбыл облысы басшылығынан да ұсыныс келіп түсті», – деп хабарлады А.Мырзахметов. Мырзахметов шағын несиені алудың басты шарты – бұл айқындалған бизнес-жоспар екенін айтты. «Бұған қоса біз ауыл шаруашылығына жарамды 100 типтік жоба жасап шығардық. Олар қазіргі күні Кәсіпкерлерді қолдау орталығында жатыр»,–деп қосты ол. Бағдарламаға қатысушыларды бекітетін Өңірлік кеңесте кепілгерлік элементі бар. «Олардың барлығы да ауданнан шыққандар. Сол үшін ең бастысы – қолдау көрсету. Яғни біз із жүзінде  несиені қайтарғанша оған көмек көрсететін боламыз. Барлық мәселе осында, ауыл тұрғынын жалғыз тастамауымыз қажет. Қайтарылмалы кепіл дегеніміз осы. Біз оның ақшасынынң қайда кеткенін, егін мөлшерін, бәрін-бәрін бақылап отырмақпыз. Өңірлік кеңестермен сөйлестік, себебі онда ірі бизнес бар. Олар өздеріне жүктелген жауапкершілікті түсініп отыр. Мысалы, Маңғыстаудың жергілікті кәсіпкерлері шағын несиенің қайтарылмауының ауа-райы секілді орынды себептері болған жағдайда, оны өздері төлеуге дайын. Біз мұның тиісті бағасын беретін боламыз»,–деді Палата басқарма басшысы. Онымен қоса, Мырзахметов биыл әр ауданда Аграрлық құзырет орталығы ашылатынын жеткізді. «Біз оған мамандарды тартамыз. Олар жылыжайды салу, техниканың түрін таңдау және т.б. мәселелерде көмектесетін болады»,–дейді ол. «Біз несие тарихы бойынша ешқандай шектеу қоймаймыз. Қолында бизнесі болып, оны үлкейткісі келетіндер де, жаңадан бастаушылар да қаржылық көмек ала алады», – деді Палата Басқарма басшысы. «АЛМЭКС» Басқарма төрағасы Мәжит Есенбаев өз кезегінде Елбасының тапсырмасы бойынша құрылған шағын несие беру ұйымдары бүгінгі теңгелік өтімділікке байланысты үлкен қиындықтарға тап болғандығын атап өтті. «Олар ұсынып отырған, шамамен 45-50%-ға тең пайыздар, меніңше, шағын және орта бизнес үшін мүлдем тиімсіз.  Оған қарағанда бүгінде 14%-бен несие беретін «Даму микро» ұйымы қызметі жаман емес. Біз олармен бәсекеге түскіміз келмейді. Керісінше, шағын несие мөлшерін ұлғайту арқылы көмек көрсеткіміз келеді», – деді ол.

Похожие материалы