Алматы. 10 шілде. 7kun.kz – Павлодарда бір топ шенеунік 13 жыл бойы заңсыз зейнетақы рәсімдеп келген, деп хабарлайды abctv.kz.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро мамандарының мәліметінше күдіктілер қатарында облыстық департамент басшысының орынбасары Лукашова, бөлім басшысы Смағұлова және өзге де тұлғалар бар. Олар 2005-ші жылдан бері жасы зейнетке жетпегендерге зейнетақы рәсімдеп, заңсыз қызметтері үшін белгілі мөлшерде ақы алып отырған. Экс-шенеуніктер ниеттілерді іздестірумен де өздері айналысқан. Алаяқтық істерін жүзеге асыру үшін, мұрағат анықтамасы, ядролық полигон аймағында тұратындығы және баланың тууы жайлы құжаттарды қолдан жасаған. Күдіктілердің кесірінен жалған зейнеткерлер көбейіп, қазынаға қыруар шығын келген.
«Аталған қызметшілер ұзақ уақыт бойы және жүйелі түрде өздерінің өздерінің лауазымдылық өкілеттерін пайдаланып, 300 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақшалай сыйақы үшін зейнеткерлік жасқа жетпеген Павлодар облысының адамдарына зейнетақы рәсімдеген. 50-ден астам жалған зейнеткер анықталған. Мемлекетке 120 млн-ға жуық залал келтірілген.
Айыпталушының біреуі үй қамауына алынды, екіншісі қамауға алынды. Қылмыстық іс аяқталды, сотқа жолдау үшін айыптау актісімен прокуратураға жолданды»,- МҚІСҚА ресми өкілі Нұрлан Жахин.