Талқы тудырған қылмыстық істерді қазақстандықтар осымен екінші апта талқылап жатыр. Өткен аптада «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ құрылыс департаментінің бұрынғы басшысы Қажымұрат Үсенов рақымшылықпен босап шықты. Кеше «Қорғас» ШЫХО 1 млн доллар парамен ұсталған Василий Ни босатылды. 7kun соңғы екі жылдағы ең шулы істерді назарларыңызға ұсынады.
2015 жыл құқық қорғау органдары оңай жыл болған жоқ. Жемқорлықпен күрес жөніндегі ұлттық бюро мен ұлттық қауіпсіздік комитеті 11 шенеунікті ұстап, кейіннен олар сотталды. Бұл істі кейбіреулер «ЭКСПО ісі» деп атап кетті.
2015 жылдың ақпанында Алматы қаласында ұзақ жылдар бойы мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалар, оның ішінде қаржы полициясының бұрынғы қызметкерлерінің қолдау көрсетуі арқылы жалған кәсіпкерлікпен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті анықталды. Олар 2012-2014 жылдар аралығында 20 кәсіпорын құрып, төленбеген салық түрінде 14 миллиард көлемінде шығын келтірген. Сотқа дейінгі тергеу шарасы бойынша Алматы ІІД-нің уақытша ұстау изоляторына қылмыстық топтың С. Ильин, В. Федотов, Б. Баудинов, Т. Каримов, А. Зубарев, Д. Абдиев, Р. Есенжанов және Н. Шаукеров есімді 8 қатысушысы қамалды. Жалпы осы іс бойынша 36 адам сотқа тартылған еді.
[caption id="attachment_68285" align="alignnone" width="720"] Суретте Алматы қаржы полициясының бұрынғы басшысы генерал Әмірхан Аманбаев.[/caption]Ал 2017 жылдың басында Әмірхан Аманбаевтың мүлкі тәркілене отырып, 14 жылға бас бостандығынан және өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Ол жазасын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтейді. Сонымен бірге, Аманбаевты «Құрмет» және екінші дәрежелі «Даңқ» ордендерінен айыру туралы ұсыныс жасалды.
Кейін, 2015 жылдың тамызында қала әкімінің орынбасары Фрунзик Аракелян мен ТҮКҚ бөлімінің бұрынғы басшысы Жеңіс Шинкин «жемқорлыққа қатысы бар» деген күдікпен ұсталған еді. Аракелян мен Шинкин байқауда жеңіске жету үшін мердігерлерден пара алды деп айыпталған болатын. Тергеудің мәліметінше, 2015 жылы 20 сәуірде Фрунзик Аракелян "Вескор" ЖШС басшысы Сергей Евстафьевтен 300 000 теңге алған. Пара Шинкиннің кабинетінде берілген. Ол сәт видеоға жазылып қалған. Судья Фрунзик Аракелянды 7 жылға соттап, 300 мың теңге тәркіленетін болды. Жеңіс Шинкин "СМУ-2010" ЖШС жалған фирмасын құрды деп айыпталды, ол танысы Александр Бобровныйды директор етіп тағайындаған. Тендердің барлығы Шинкиннің жарлығы бойынша іріктелген. Сот Шинкинге 9 жыл тағайындап, 1,5 миллион теңге тәркіленетін болды. Ал Александр Бобровный 7 жылға сотталып, мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарылды.
[caption id="attachment_68286" align="alignnone" width="800"] Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжанов.[/caption]Бірнеше айдан соң Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжанов пен оның орынбасары Мақсұт Қалиев лауазымдарын асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды. экс-әкімнің мүлкі тәркілене отырып, 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол өмір бойына әкімшілік қызметтері бар мемлекеттік қызметтерге тағайындала алмайтын болды. Ахметжанов жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болған.
Ал қала әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Қалиев "Парақорлыққа делдал болу" және "Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу" баптары бойынша айыпты деп танылып, мүлкі тәркілене отырып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол да өмір бойына меморгандарда басқарушы қызметтерді атқара алмайтын болды. Ол жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді.
Сонан соң 2016 жылғы маусымның басында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ермегияевті қызметінен түсіріп, кейін қамауға алды. Тергеушілер дерегінше, ол 4 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі қаржыны заңсыз иеленген. Кейін Талғат Ермегияевті қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-тармағы ("пара алу"), 189-бабы 4-тармағының 2-бөлімі ("өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену немесе ысырап ету") бойынша айыпты деп тауып, 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
[caption id="attachment_68287" align="alignnone" width="688"] Суретте Талғат Ермегияев.[/caption]«ЭКСПО ісі» мұнымен біткен жоқ. Ұлттық компанияның бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталған күдіктілерге қатысты сот үкімі де шықты. Талғат Ермегияевпен бірге айыпталушылар орнында тағы 22 адам бар еді. Олардың 14-і тағылған айыпты мойындаған.
Сот шешімі бойынша, Аян Адамбаев, Орал Ибаділдина мен Сұламбек Беркінxоев айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Қуаныш Медеуов, Мұрат Омаров, Валерий Син - 8 жылға, Азамат Тұматаев - 10 жылға, Шоқан Матайбеков, Әлішер Пірметов - 5 жылға, Мадина Дәулетбаева - 4 жылға сотталды. Олардың мүліктері де тәркіленетін болады. Сонымен қатар материалдық жауапкершілігі жоғары лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.
Сосын, 2009 жылы 120 миллион теңгені мақсатсыз жұмсағаны үшін Алматы метросының бұрыны басшысы Өкшебаев әріптестерімен бірге үй қамауына алынған болатын. Алайда кейін Өкшебаев босатылып, жұмысына оралған. Алты жылдан соң оның басы тағы да дауға қалды. Ол 2015 жылдың шілдесінде сеніп тапсырылған қаржыны жымқырды деген күдікпен ұсталды. Тергеу деректері бойынша, Өкшебаев бірнеше адаммен "алдын ала қылмыстық сөз байласып, метро құрылысына қажетті электр сымдарының бағасын асыра көрсету арқылы 2,5 миллиард теңге бюджет қаржысын жымқырған". Өкшебаевпен бірге айыпталған оның орынбасары Ербол Қалдыбаев пен "СредАзЭнергоСервис" фирмасының директоры Константин Антипов сегіз жылға сотталған.
Алматы метрополитетінің бұрынғы басшысы Мұрат Өкшебаев "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленді" деген айыппен тоғыз жылға сотталды. Алматы қалалық сотының хабарлауынша, Медеу аудандық соты Өкшебаевты бес жылға дейін мемлекеттік органдарда басшылық қызмет атқаруына тыйым салып, дүние-мүлкін тәркілеуге үкім еткен.
[caption id="attachment_68288" align="alignnone" width="684"] Суретте Алматы метросының бұрынғы басшысы Мұрат Өкшебаев.[/caption]Ал 2016 жыл қылмыстық іс біршама аз тіркелді. Тек бір шенеунік – Бас прокурордың бірінші орынбасары болған Ілияс Бақтыбаев қана сотталды. Өткен жылдың шілдесінде оны Тоқтар Төлешовтің серіктесі ретінде ұстаған. Ал қайтар айында Астана соты оны қатаң режимдегі калонияға жеті жыл жазасын өтеуге жіберді.
Қазіргі уақытта қамауда отырған тоғыз шенеунік бар. Олар – Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Сақташ Хасенов, «Бәйтерек Development» АҚ бұрынғы басшысы Бақыт Жақсыбаев, Development-тің» басқарма төрағасының орынбасары Аслан Жақыпов, "БЖЗҚ" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Ерденаев, ҰҚК экс-басшысы Нартай Дүтбаев, БЗЖҚ тәуекелді басқару департаментінің директоры Мұса Бахтов, Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев, Президент әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев, Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімі бастығының бұрынғы орынбасары Николай Галихин.
Айта кетейік, 2017 жылдың алғашқы үш айында 2016 жылғы дәл осы мерзіммен салыстырғанда жемқорлар саны 33 пайызға көбейген. 2017 жылдың алғашқы үш айында елімізде жемқорлық қылмыс жасағаны үшін 220 адам сотталған, ал былтыр бұл көрсеткіш 165 болған еді. 2016 және 2015 жылдардағы статистикаларды салыстырсақ, жемқорлықтың біртіндеп өскенін байқаймыз. 2016 жылы жемқорлық үшін 910 адам жазаланса, 2015 жылы бұдан 20 пайызға аз, яғни 760 адам болған.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024