Көпшілікке әнші-бизнесмен ретінде танымал Мирас пен Құралай өнер адамының бизнестегі өмірі туралы 7күн тілшісіне айтып берді. Жас кезінде білместікпен несие алғанын мойындаған жұлдызды жұп, қазір үстеме пайызбен берілетін ақшаға мүлдем жоламайды екен.
- Мирас мырза, құпия болмаса, оқырмандарымызға жеке бизнесіңіз жайлы кеңінен айтып берсеңіз.
- Неге құпия болсын?! Жалпы әр адамның кішкентай болса да жеке табыс көзі болғаны жақсы. Құдайға шүкір бізде де сондай "Мирас-Құралай" өнер орталығы бар. Басында тек қана вокал пәнінен тәрбие берген болсақ, қазір одан бөлек домбыра, пианино және журналистика пәндерін енгіздік. Құдайға шүкір жақсы мамандар сабақ береді, балалар да қуанып, дәріс алып жатыр. Одан бөлек қоғамдық халал моншамыз бар. Ол да кішкене табыс көзі, өзімізге ұнайды. Енді мүмкіншілік болса тағы бір кәсіп ашсақ дейміз. Әлі қандай бизнес болатынын шешкен жоқпыз, бірақ ойда бар.
- Халал моншамыз бар дейсіз. Неге бизнесті халал салада аштыңыздар? Бұл кімнің идеясы?
- Монша дегенге кейбіреулерде «Халал монша болады ма?» дегендей сұрақ туындауы мүмкін. Біріншіден, тазалық иманның жартысы дейді. Екіншіден, монша ішімдік ішетін барға айналып кетпесін деген мақсатпен халал деп аштық. Бізге адамдар шын ниетпен өзінің денін таза ұстау үшін келеді. Жалпы өзіміз де дінге бұрыннан жақынбыз. Анам, бауырым, қажылыққа барып келген адамдар. Сол себепті қандай бизнес ашсақ та тапқан ақшамыз адал болсын дейміз.
- Өнер жолымен бизнесті қатар алып жүру қиын емес пе? Қалай уақыт жеткізесіздер?
- Құдайға шүкір, бауырларымыз көмектеседі. Мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында сабақ беремін. Ал Құралай өнер орталығында мұғалімдермен жұмыс істейді.
- Бизнеске бір табан жақын адам үнемшіл келеді деген сөз бар. Сіздерде қалай? Тапқан табысыңызды үнемдеп жұмсайсыз ба?
- Үнемшіл емеспіз. Қалай келеді, солай кетеді. Қазақтың бәрі де сондай шығар. Ақшаға пысық емеспіз (күліп).
- Өткен жолы Гүлнұр Оразымбетова бізге сұхбат бергенде банктерде депозиттері бар екенін айтқан болатын. Ал сіздер банк қызметтерін пайдаланасыздар ма?
- Шынымды айтсам, процент деген нәрсеге жақын емеспін. Жалпы, дінге қарсы нәрсеге жақындамауға тырысамын.
- Сонда ешқашан несие алмағансыз ба?
- Шыны керек, бұрын білімсіздіктен болар, алғанмын. Ал жалпы жақындамаймын. Себебі оған дінде тыйым салынған. Соңғы уақытта несиелерін қайтара алмағандықтан, кейбіреулер үйлерінен айырылып, тіпті қаншама адам өзіне қол жұмсап жатыр. Енді қараңызшы сол кредит алғандардың екі-үш пайызы ғана оның бір пайдасын көрген шығар, бірақ жалпы қоғамға келмейтін нәрсе деп ойлаймын.
- Көптеген өнер жұлдыздары халықтың назарын өзіне аудару үшін қара пияр жасап, өзі туралы өсек-аяң таратып жатады. Ал сіздің жалпы пиарға деген көзқарасыңыз қалай?
- Ия, ол қарапайым және қара пиар болып екіге бөлінеді. Бірақ біз болашақ ұрпағымызға үлгі болайық деген мақсатта әрқашан жақсы жағынан көрінуге тырысамыз. Себебі шыны керек бізді тойларға ырымдап «Балаларымыз сіз сияқты бақытты болсын, үбірлі-шүбірлі болсын. Сіздерді қашан көрсек те күлімсіреп жүресіздер, баламызға сіздің жолыңызды берсін» деп шақырады. Сондықтан өзімізді жақсы ұстауға, үлгілі отбасы болып жүруге тырысамыз.
- Ырым демекші, ақшаға байланысты ырымдарға сенесіздер ме?
- Жоқ.
Құметті оқырман, жұлдызды жұпты «Ән салады мамандар» бағдарламасының түсірілімінде кездестіргендіктен кейіпкерлеріміздің бағдарлама туралы пікірін білген едік.
- «Ән салады мамандар» бағдарламасы туралы не айтасыз?
- Шынымды айтсам, бағдарлама жақында басталғандықтан, теледидардан көрген жоқпыз. Бірақ кеше ғана анам көріп, қатты ұнағанын айтты. Біздің де сол жобаға қатысып жатқанымызды біліп, одан сайын қуанып жатыр.
- Қатысушылардың деңгейі туралы не айтасыз? "Каспий әуендері" қалай?
- Бізге "Каспий әуендері" түсті. Дайындалып жатырмыз. Вокал жағынан да, басқа жағынан да. Талантты жігіттер. Ұнағаны — бір отбасының балалары. Ауызбіршілігі мол, берекелі отбасы екені көрініп тұр. Кішіні кіші, үлкенді үлкен деп сыйлап, барлығымен түсініседі. Өнерге де өте жақын. Баян десең баян тартады, гитара мен домбырада да ойнайды.
- Сұхбатыңыз үшін көп рахмет!
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024