Алматы. 11 қазан. 7kun.kz – Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков бірлескен меморандумға қол қойды, деп хабарлайды 7kun.kz тілшісі.
Алматы облысының әкімдігі Мемлекет басшысының тапсырмасымен ипотекалық несиелеудің ел бойынша 1 маусымнан бастап орындала бастаған «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын өңірде ілгерілетуге қатысты нақты шаралар қабылдауда. Ипотекалық заем алушының шығынының бір бөлігін өзіне ала отырып, облыстағы бюджеттік қызметкерлер үшін алғашқы жарнаның жартысын субсидиялап, өсімсіз несие беру туралы шешім қабылданды.
«Тұрғын үй кезегінде тұрғандар санының көптігіне қарамастан, «7-20-25» бағдарламасы біздің өңірде белсенді жүргізіліп жатқан жоқ. Республика бойынша бағдарламаға қатысушылардың Алматы облысындағы үлесі небары 2%. Аудан, қала әкімдерінің бұл бағыттағы жұмысы нашар, халық арасында түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру ісіне жаппай жедел кірісуіміз керек. Сондықтан облыстағы бюджеттік салада жұмыс істейтін азаматтарымызға, соның ішінде мұғалімдерге, дәрігерлерге қолдау ретінде алғашқы жарнаны субсидиялау туралы шешім қабылдадық, яғни 20%-дың 10%-ын біз өзімізге аламыз. Ол үшін тұрғын үй сертификаты түрінде қайтарымды негізде ұзақ мерзімге пайызсыз несие беріледі. Бұл іске біз 2 млрд теңге бағыттаймыз. Шамамен 500 мың шаршы метр болатын қолжетімді тұрғын үй салынады. Осы мақсатта республикада үшінші болып біз Алматы облысында несиелік тұрғын үй құрылысын салуға бірлесе жұмылу үшін бүгін «Баспана» ипотекалық ұйымымен меморандумға қол қойып отырмыз», - деп атап өтті облыс әкімі Амандық Баталов.
Мұнан соң сөз алған «Баспана» ипотекалық ұйымы АҚ басқарма төрағасы Қ. Алтынбеков тұрғын үй бағдарламасының қалай орындалып жатқаны туралы баяндады.
«Мемлекет басшысының «7-20-25» бағдарламасына қатысты бірінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру шеңберінде 40 млрд теңгеден астам сомаға өтінім қабылданған. Олардың ішінде банк 28 млрд теңгеден астам соманы беруді мақұлдады. Соның ішінде Алматы облысы бойынша банктер 640 млн теңгелік 53 өтінімді мақұлдады. Қазіргі кезде бағдарламаға 7 банк қатысуда. Олардың көшбасында «Банк ЦентрКредит» АҚ тұр, бүгінгі күні бағдарламаны жүзеге асыруға «Халық банкі» белсене кірісуде», - деді Қ.Алтынбеков.
«Баспана» ИҰ» АҚ өкілінің айтуынша, егер тұрғын үй құны 10 млн теңгеден аспаса, онда ипотекалық несие оның 8 млн теңгесін құрайды, алғашқы жарна ретінде клиент миллион теңге құяды, ал Алматы облысының әкімдігі тағы миллион теңге қосатын болады. Нәтижесінде ай сайынғы төлем ипотека бойынша 56 мың теңгеден аспайды. Өңірде қазіргі кезде «Қамқор баспана» жобасы шеңберінде әкімдік қолдауына бюджеттік сала қызметкерлері қатыса алады.
Алматы облысының әкімдігі мен «Баспана» ИҰ» АҚ өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою арқылы аталған міндеттерді айқындай түсті.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов бағдарламаға қатысушыларды тарту жұмыстарын өңірде апта сайын қорытындылап отыруды, қарашада белгілі деңгейде нақты жұмыстың нәтижесі көрінуі керектігін ескертті. Сонымен қатар облыстағы аудан, қала әкімдеріне ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуді тапсырды.
«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауында әкімдердің жұмысын «7-20-25» бағдарламасының өңірлердегі орындалу нәтижелеріне қарап бағалайтынын айтты. Сондықтан аудан, қала әкімдері осы бағыттағы жұмысқа білек түре кірісуі керек. Маған аудан, қалалар бойынша тұрғын үй бағдарламасына қатысуға білдірілген өтінімдер мен берілген заемдар туралы апта сайын есеп берілетін болсын», - деді А.Баталов.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024