Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

7 айда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 5,1% -ға өсті

7 айда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 5,1% -ға өсті

Алматы. 16 тамыз. 7kun.kz – Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша брифинг өткізді, деп хабарлайды ҚР ИДМ баспасөз қызметі. 

«Жыл басынан бері, жалпы алғанда, жетекшілік ететін салалар өнеркәсіп өндірісінің жағымды өсу динамикасын көрсетті. Осылайша, 2018 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,1%-ға, соның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібі 5,4, өңдеуші өнеркәсіп 4,9%-ға өсті. Тау-кен өндіру секторында темір рудасын өндіру көлемінің 7,4%-ға өскені байқалады. Бұл, «Соколов Сарыбай тау-кен өндірістік бірлестігі» АҚ-ның темір рудасын Қытай Халық Республикасына жеткізу экспортын арттыра отырып, өз көлемдерін 10%-ға ұлғайтуымен байланысты болды», - деді ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Алмас Батанов.

Оның дерегінше, түсті металдар кенін өндіру көлемі 3,1%-ға өсті. Бұл өндіру көлемдерінің қосымша өсуімен, сондай-ақ тиісті технологиялардың жоқтығынан, 70 жыл бойы өңделмеген Бақыршы кен орнын ағымдағы жылғы 26 маусымда іске қосумен байланысты болды. Бүгінде бұл Қазақстандағы алтын қоры бойынша ең ірі кен орындарының бірі болып табылады. Жоба 10 тонна алтын өндіруді көздейді, оның үлесі елдегі өндірістің жалпы көлемінің 14%-ды құрайды.

«Металлургияда өндіріс көлемі 3,6%-ға өскен. Қара металлургияда ферроқорытпалар, ыстықтай илемдеу, болат шарлар өндірісі көлемдерінің артуы есебінен өсім 4,8%-ды құрады. Түсті металлургия өндірісіндегі өсу өңделмеген мырыш, мыс, алтын, глинозем, қола және басқа да өндірістің артуы есебінен  2,6% болды. Мысалы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС алтын өндіруді 31%-ға ұлғайтты», - деді комитет төрағасы.

Жылдың соңына дейін алтын өндіретін «Пустынное» фабрикасын іске қосу жоспарлануда, оған тартылған инвестиция көлемі 12,1 млрд. теңгені құрайды (40 тұрақты жұмыс орны ашылады). Зауыттың өндірістік қуаты  2,9 тонна.

Сондай-ақ, жылдың соңында Жезқазған мыс балқыту зауытында екінші пешті іске қосу жоспарлануда, ол мыс өндіруді келесі жылы екі есе арттырады.

Похожие материалы