Алматы. 1 маусым. 7un.kz - Медеу аудандық №2 сотының судьясы Тәкен Шәкіров "Феникс" фильмінің түсірілімдеріне бөлінген қаражатты жымқыру ісі бойынша үкім шығарды.
Tengrinews.kz Тұңғышбай Жаманқұловтың 189-бап бойынша айыпты деп танылғанын жазды. Ол 7 жыл шартты түрде сотталды.
Сонымен қатар, ол 5 жылға басқарушы қызметтерді атқара алмайды. Рақымшылыққа байланысты, Жаманқұловтың жаза мерзімі екі есе қысқартылды.
Режиссер Талғад Жәнібеков те айыпты деп танылып, ол шартты түрде 7 жылға сотталды, ол да бес жылға басқарушы қызметтерді атқара алмайды. Судья оның бұлтартпау шарасын ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатуға ауыстырды.
Тұңғышбай Жаманқұловтың адвокаты Ғалия Наратауова үкіммен келіспейтінін және қорғауындағы азамат айыппен келіспегендіктен үкімге шағым түсіретінін айтты.
Талғад Жәнібековтің адвокаты Серік Айтбаев үкімге қанағаттанатынын және шағым түсірмейтінін мәлімдеді.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің азаматтық шағымы ішінара қанағаттандырылды. Сот министрліктің пайдасына Жаманқұловтан 3,4 миллион теңге, Жәнібековтен 4,3 миллиоан теңге, сотталушы Гизат Сұлтановтан 1 миллион 54 мың теңге, Данияр Әбдіқадыровтан 9,6 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарды. Сотталушылардан жалпы 18,4 миллион теңге өнідіріледі.
Айта кетейік, осы атышулы іс бойынша басты сот отырысы 9 наурызда басталған еді. Сотталушылар "Феникс" фильміне бөлінген қаражатты (69 миллион теңге) жымқырды деп айыптады.