Қазақстанда әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарту сервисін іске қосылғаннан бері 729 азамат пайдаланған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Осылайша, 729 адам өздеріне тағайындалған әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту туралы шешім қабылдаған. Бұл қадам әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдағы ынтымақтастық қағидаттарын көрсетеді. Яғни, өзін және отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтар мемлекеттік қолдаудан саналы түрде бас тартуды жөн көрген.
Айта кетейік, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 36 түрлі әлеуметтік жәрдемақының 12-сі бойынша мемлекеттік қолдау көрсету тетігі атаулылық қағидатына негізделеді. Көмек бірінші кезекте оған шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағытталады.
Қызметті қалай пайдалануға болады?
«Әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарту» цифрлық сервисі eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді. Ол әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алушыларға мемлекеттік органдарға бармай-ақ, мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлерінен бас тарту туралы электрондық өтініш беруге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік төлемдерден бас тарту азаматтың міндеті емес, тек өз еркімен қабылдайтын шешімі екенін атап өткен жөн. Сервис негізінен материалдық жағдайы жоғары және ауқатты санатқа жататын, отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтарға арналған.
Өмірлік жағдайы өзгерген жағдайда азаматтар тиісті мемлекеттік қолдауды қайта тағайындау туралы өтініш беруге құқылы. Өтініш қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сервистің тек электрондық үкіметтің ресми платформаларында — eGov Mobile қосымшасы мен eGov.kz порталында қолжетімді екенін еске салады.
Азаматтарға күмәнді сілтемелерге өтпеу және тек ресми ақпарат көздерін пайдалану ұсынылады.





