2017 жылдың шілдесінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 800 млн теңге түсті
Алматы. 1 тамыз. 7kun.kz - 2017 жылдың шілдесінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 800 млн теңге түсті. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Елена Бахмутова мәлімдеді.
«27 шілдедегі жағдайға сәйкес 548,2 млн теңге түсті. Оның ішінде аударымдардың үлесі 38, ал жарналардың үлесі 62 пайызды құрайды. Айта кетерлігі, 48 пайызы 2017 жылдың екінші жартыжылдығындағы жеке кәсіпкерлердің аванстық төлемдері болып есептеледі», - деді ол.
Оның айтуынша, аударымдар мен жарналарды төлеу жағынан көш басында еліміздің 4 өңірі тұр. Олар: Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Алматы облыстары. Аталған 4 өңірдің аударымдары қорға түскен қаржының 49 пайызын құрайды. 27 шілдедегі жағдай бойынша қаражатты 235 мың жеке тұлға аударған.
«Жедел мәліметтерге сәйкес, шілдедегі жалпы түсімдердің көлемі 800 млн теңгеден асып жығылады. Аударымдар мен төлемдер төлеген жеке тұлғалардың саны 384 мың адамнан асты. Біздің болжамға қатысты айтар болсам, тамыз айында қорға түсетін түсімдердің көлемі артуы тиіс. Себебі шілде айының төлемдерін аудару мерзімі тамыз айында аяқталады. Біз тамызда шамамен 4,5 млрд теңге түседі деп отырмыз. 2017 жылдың базалық аударым 27 млрд теңгені құрайды», - деді Елена Бахмутова.
Дереккөз: inform.kz