Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

"Оралман" фильмі қазақстандық прокатқа шықты

"Оралман" фильмі қазақстандық прокатқа шықты

Алматы. 16 қыркүйек. 7kun.kz - Кеше Алматыда «Kinoplexx Sary Arka 3D» кинотеатрында «Еуразия» (Астана) және «Фаджр» (Тегеран) халықаралық кинофестивальдерінің жеңімпазы, Ауғанстаннан туған жеріне қайтып оралған қазақ отбасының өмірі туралы баяндайтын «Оралман» фильмінің тұсаукесері өтті. Картинаның режиссері – Сәбит Құрманбеков («Секер», «Жиде»).

Фильмді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Кадам» кинокомпаниясының қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

Киноның сценарийін «Менің атым Қожа» фильмінде Қожаның рөлін сомдаған актер, кинодраматург Нұрлан Санжар Сәбит Құрманбековтің қатысуымен жазған. Нұрлан Санжардың айтуынша, фильмнің сценарийі 2013 жылы-ақ дайын болған, тек режиссер Сәбит Құрманбековтың тығыз жұмыс графигіне байланысты, фильмнің өзі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орайластырып шықты. Ал қазақстандықтар «Оралман» фильмін 15 қыркүйектен бастап еліміздің кинотеатрларынан көре алады.

Картинаны түсіру жұмыстары Тәжікстан астанасынан 150 шақырым жерде, Қарағанды облысы Приозерск қаласы мен Алматы облысындағы Қапшағай қаласының жанында жүргізілді.

Басында «Төре-там» деп аталмақ болған фильм қазақ қоғамындағы отанына оралған қандастарды жергілікті кей қазақтардың «оралман» деп бөле қарауына байланысты, қоғамға ой салу мақсатында «Оралман» деп өзгертілген. Басты рөлдерде: Дулыға Ақмолда, Ержан Түсіпов, Есім Сегізбаев, Шынар Асқарова, Баян Қанжабиевалар ойнаған.

Естеріңізге салсақ, «Оралман» фильмінің әлемдік премьерасы Иранда өтті. Тегеран қаласында өткен 35-Халықаралық Фаджр кинофестивалінің «Шығыс панорамасы» атты конкурстық бағдарламасына қатысқан отандық кинотуынды шетел фильмдер арасынан топ жарып үздік атанды. 2017 жылдың шілдесінде «Оралман» фильмі Астанада өткен XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің негізгі бағдаламасына іріктелініп, нәтижесінде Бас жүлдені иемденді. Ал қыркүйектің басында аталған фильм Қазақстанның атынан Татарстандағы Қазан қаласында өткен XIII Халықаралық мұсылмандар киносы фестиваліне қатысып, фильмде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ кинотуынды Брисбен (Австралия) және Оренбург (Ресей) қалаларында өткен халықаралық кинофестивальдердің негізгі бағдарламаларына қатысты.

- Біздің фильмнің фестивальдік тағдыры әлі де жалғасып жатыр. Бүгінгі күні «Оралман» фильмі 6-Забайкал фестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысып жатыр, қазанда өтетін Италиядағы фестивальде де бақ сынаймыз. Сонымен қатар, күздің ортасында Австралияда халықаралық прокатқа шығады, ал келер жылдың басында «Оралман» фильмін итальяндық көрермендер тамашалайтын болады, - деді режиссер.

Фильм жайлы: Фильм ХХ ғасырдың 30-жылдары қызыл әскердің жендеттерінен Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болған қазақ отбасы туралы. Бас кейіпкер Базарбай қарттың бір қызы мен ұлы сол жақта дүниеге келеді. Балалары есейіп, отбасын құрады. Ұлы Сапарқұл жергілікті пуштун ұлтынан келіншек алады. Ал қызы ауған жігітіне тұрмысқа шығады. Сапарқұл соғыс кезінде моджахеттер жағында соғысады. Жылдар өтеді. Базарбайдың отбасы Қазақстанға көшуге рұқсат беретін квота алады. Барлығы жолға жиналады. Таулы қышлақтан шыққан отбасыны ұзақ жол күтеді.

Өндіруші: Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, «Қадам» ЖШС (кинокомпания) қатысуымен Жанры: әлеуметтік драма Режиссері: Сәбит Құрманбеков Сценарий авторы: Нұрлан Санжар, Сәбит Құрманбековтің қатысуымен Қоюшы операторы: Марс Умаров Қоюшы суретшісі: Рустам Одинаев Композиторы: Айдос Сағат

Похожие материалы