Алматы. 9 сәуір. 7kun.kz - 2017 жылы Қазақстандағы салықтық тексерулер саны 45 пайызға төмендеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Мәди Такиев айтты.
«2017 жылы Бас прокуратурамен және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тексеру түріндегі бизнеске жүктемені біртіндеп төмендету және қылмыстық қудалау орбитасына шығармау жөнінде басталған бірлескен жұмыс биыл да жалғасып отыр. 2017 жылы Мемлекет басшысы салықтық тексерулер санын 37,5 пайызға төмендетуді тапсырған болатын. Біз өткен жылдың қорытындысына аталған көрсеткішті 45 пайызға дейін немесе тексерулер санын 76794-тен 42018-ге дейін қысқарта алдық», - деді ол.
Оның айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан жаңа Салық кодексінің енгізілуіне байланысты қарсы тексерулер санының 25 пайызға төмендейтіндігі күтіледі.
«Жаңа Салық кодексі аясында жоспардан тыс тексерулердің негіздемелерін тағайындау жайттары қаралды. Егер бұған дейін 32 негіздеме болса, қазір олардың 12-сі ғана қалды. Заңды тұлғалардың жабылуы немесе жеке кәсіпкерлер қызметін тоқтатқан кезде аудиторлық ұйымдардың салығы бойынша аудитті жүзеге асыру үшін шарттар жақсартылды. Жеке практикамен айналысатын жеке тұлғалардың қызметі салықтық тексеру жүргізілместен тоқтатылатын болады», - деді Мәди Такиев.