Қаржы алаяқтары балалар арқылы ата-аналарының ақшасына қол жеткізуге тырысады. Олар әртүрлі оқиғалар ойлап тауып, баланы сол жерге алдап тартуға тырысады. Fingramota.kz оларды толығырақ қарастырып, ересектерге қауіптерді азайту және балаларын қаскүнемдерден қорғау туралы кеңестер ұсынады.
«Касперский зертханасы» жас пайдаланушылардың онлайн режиміндегі мінез-құлық ерекшеліктерін зерттеу үшін әртүрлі елдерде, балалары бар 500 отбасына сауалнама жүргізді. Зерттеу нәтижелері бойынша әрбір бесінші бала желіде бейтаныс ересектерден дос болуға шақыру алатыны белгілі болды. 13 пен 15 жас аралығындағы жасөспірімдер киберқауіптерге осал топқа жатады. Себебі бұл жаста олар интернетте ең белсенді және ата-аналардың бақылауы әлсірейді. Бұл ретте егер бала интернет-алаяқтық жағдайларына тап болса, онда ата-аналар олардың жартысы туралы ғана білетіні сауалнамадан белгілі болды.
«Бақыт хаттары»
Бала электронды пошта арқылы, әлеуметтік желілерде, SMS немесе мессенджер арқылы ақшалай сыйлық ұтқаны, Мальдив аралына ата-анасымен бірге жолдама ұтқаны, оны ақшаға айырбастауға болатындығы немесе Африкадағы бай ағасының мұрагері болғандығы туралы хабарлама алуы мүмкін. Өз келісімін растау үшін ол сілтеме бойынша өтіп, тіркелуі тиіс. Сауалнамада өзіңіздің жеке деректеріңізді, оның ішінде кез келген қолда бар төлем картасының нөмірін, оның қолданыс мерзімін және артқы жағындағы үш таңбалы кодты көрсету талап етіледі. «Бақыт хаттары» авторына бұл ақпарат сізге ақша жіберу үшін қажет-мыс.
Егер сіздің ұлыңыз немесе қызыңыз қаскүнемдерге дербес және төлем деректерін берсе, алаяқтар оларды пайдакүнемдік мақсатта қолдануы мүмкін және нәтижесінде ересектердің ақшасына қол жеткізе алады.
Адамдарға көмек
Әлеуметтік желіде сіздің балаңыздың танысының парақшасында қайғылы хабарлама пайда болады, онда ол оған қолдау көрсетуді және мүмкіндігінше банктік шотқа немесе электрондық әмиянға ақша жіберуді сұрайды. Немесе, мысалы сіздің балаңыздың сыныптасы балаңызға WhatsApp арқылы хабарласып, жақын адамының апатқа ұшырағанын немесе өзінің ауыр сырқатқа шалдыққанын айтып немесе жай ғана қарызға ақша сұрауы мүмкін, бірақ ол бұл туралы ешкімге айтпауды сұрайды.
Егер де сіздің балаңыз алаяқтың өтінішін орындап, сізден жасырын, өз еркімен оларға ақша аударса, онда оларды қайтару мүмкін болмайды. Сондай-ақ, сіздің ұлыңызға немесе қызыңызға мүлдем бөтен адамдар жаза алады, олар онкологиялық дертке шалдыққан балалардың суреттерін салып, хабарлар тарату арқылы баланың аяушылық сезімін тудырып, сол арқылы қайырымдылық жасауға деген ниетін оятады. Оның алаяқ екенін не еместігін олардан құжаттардың толық пакетін сұрату арқылы ғана білуге болады, оны түсінуге ата-аналары көмектеседі.
Ғажайып қосымша
Алаяқтар сіздің балаңыздың гаджетіне жылдам баюға немесе кез келген адамның орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік беретін геймерге немесе сервиске арналған қосымшаның жарнамасы бар сілтеме жіберуілері мүмкін. Ең бастысы, бұл мобильді қосымша бірегей болып табылады және оны сілтеме арқылы тегін жүктеп алуға болады.
Егер бала күмәнді бағдарламалық жасақтаманы жүктесе, өкінішке орай, бұл жеке ақпаратты үшінші тұлғаларға бере алатын, балаңыздың жүрген жерін қадағалайтын және телефондағы басқа қосымшаларды басқара алатын шпиондық бағдарлама екенін бірден түсінбейді. Сонымен қатар, балалардың барлығы дерлік өздерінің гаджеттерін пайдаланылмаған бағдарламалардан тазаламайды, бұл алаяқтар үшін өте қолайлы.
Кеңес: Балаңызға алаяқтықтың фишинг сияқты түрі туралы айтып беріңіз. Бұл интернет-алаяқтар адамдардан балықшылар секілді құпия ақпаратты аулайтын алаяқтық түрі. Бұл үшін қаскөйлер пайдаланушылардың назарын аулайтын және оларды қызықтыра түсетін түрлі сылтаулар ойлап табады. Баланы шынайы өмірде қалай тәрбиелесеңіз, цифрлық кеңістікте де сондай тәрбие берген маңызды. Ол ненің жақсы, ненің жаман екенін, яғни неше түрлі адамдардың болатынын және алаяқтарға сенбеу керектігін түсінуге тиіс. Сондай-ақ, балаға аты-жөні, ЖСН, мекенжайы, оқу орны, картаның деректері, пин-коды және барлық жеке аккаунттардың және электрондық поштаның құпиясөздері секілді мәліметтер құпия болып табылатынын және оларды әсіресе интернет кеңістігінде жариялауға болмайтынын айтып түсіндіріңіз. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің барлығында сізді пікірлерде, фотосуреттерде және посттарда белгілеуге тыйым салуға болатын қауіпсіздік теңшеулері бар.
Балаңызға бейтаныс адамдардан келген күмәнді сілтемелер арқылы өтпеуін, интернеттегі ең жақын деген достарынан келіп түскен ақпаратты жай ғана оларға қоңырау соғу арқылы әрдайым қайта тексеріп отыруын, тексерілмеген дереккөздерден бейтаныс, лицензиясы жоқ қосымшаларды жүктемеуін ескертіңіз!
Авторы: fingramota.kz
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024