Абай облысы. 8 қыркүйек. 7kun.kz – Абай облысында өртсөндіруші қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапты. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Белгілі болғандай, 2022 жылдың 7 қыркүйегінде 13:35-те 112 кезекші пультіне Абай облысы Жарма ауданының Бірінші ауылының учаскесінде құрғақ шөп жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Шақыру орнына №22 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жіберілген.
Өрт сөндіру кезінде жел бағыты өзгеріп, лаулаған от автоцистернаға қарай жылжыды. Техниканы эвакуациялау жолдарының барлығы жан-жағынан отқа оранып кетті. Биіктігі екі метр қарағаш ағаштары жанды.
Өрт сөндірушілер өрт-техникалық қару-жарақты жинауды тоқтатып, шұғыл эвакуациялауға кірісті. Автоцистерна мен су тасымалдайтын КамАЗ көлігі толығымен жанып кетті.
«Салдарынан өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Амангелді Тұрлыбеков пен өрт сөндіру бекетінің жүргізуші-қызметкері Айдос Тоғызбаев, өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрлан Сәлімжан түрлі дәрежеде күйік алып, Жарма ауданы Шар қалалық ауруханасына жеткізілді», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Сержант Айдос Тоғызбаев ауруханада көз жұмған. 36 жастағы азамат қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлық ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасына ұсынылды.
Төтенше жағдайлар министрлігі Айдос Тоғызбаевтың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024