Экономика
Аграрлық саясат жөнінде кеңес құрылды
Астана. 9 тамыз. 7kun.kz - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан Аграрлық саясат жөніндегі кеңес құрылып, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылғы министрі А.Мырзахметовтың төрағалығымен алғашқы отырысы өтті.
Кеңес құрамына мемлекеттік органдар, салалық одақтар, зерттеу орталықтары, кәсіпорындар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері кірді. Алғашқы отырыс бейнебаян арқылы өтіп, күн тәртібінде аса маңызды төрт мәселе тақыланды. Атап айтқанда, субсидия саласындағы жүйені жетілдіру, шағын, орта және ірі санаттағы бизнестердің талаптарын қайта қарау, ауыл шаруашылық өнімдерінің бағаларын реттеу мәселелері, құс фабрикаларының тұрақты дамуы үшін инфрақұрылымды жетілдіру.
Кеңестің жұмысына АӨК саласында еңбек ететін әрбір азамат қатыса алатындығын отырыс барысында кеңес төрағасы айтып өтті.
«Бұл кеңес қағаз жүзінде қалатын кеңес болмауы керек. Кеңес әрдайым күрделі мәселе көтеріп, ақылдасып, ауыл шаруашылығындағы өзекті проблемаларды айтып қана қоймай, оны нақты шешудің жолдары мен механизмдерін қарастыратын алаң болуы керек. Сол үшін белсене жұмыс жасауға шақырамын», – деді А.Мырзахметов. Сондай-ақ, кеңес мүшелері отырыс барысында айтылған ұсыныстарды бірауыздан құптап, осындай конструктивті алаңның керектігін айтты.
Айта кетсек, жаңадан құрылған Кеңес Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына атсалысатын бірден-бір орган болып қалыптаспақ. Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, сондай-ақ, ауыл халқының жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруға ықпал ететін бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешен құруға жәрдемдесетін Кеңес болып табылады.
Алғашқы жиында айтылған барлық ұсыныс-пікірлер хаттамаға толтырылып, Кеңес мүшелеріне келісуге жолданды.