Алматы. 5 шілде. 7kun.kz – «Астана» халықаралық қаржы орталығына 2020 жылға дейін 500-ден астам компания тіркеледі, деп мәлімдеді АХҚО-ның басқарушысы Қайрат Келімбетов.
«Ағымдағы жылы шамамен 100 компания тіркеледі деп жоспарланған едік. 1 шілдеге дейін 50 компания тіркеліп үлгерді. Олардың арасындағы ең танымалы Қытай даму банкінің өкілдігі болса керек. Ұлыбритания, Тайланд сынды елдердің қаржылық технология саласындағы көптеген компаниясы тіркеліп үлгерді», - деді ол.
Оның дерегінше, ағымдағы жылдың соңына дейін 100-ге жуық компания тіркеледі. Ал 2020 жылы олардың саны 500-ден асып жығылуы тиіс.
«Алдын ала нәтижелер осындай. Осы уақыттың ішінде АХҚО-ның 47 ішкі заңы дайындалғанын білесіздер. Дайындық кезеңі аяқталды деп есептейміз және алда көптеген оқиғалар күтіп тұр. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры бірлесіп, жекешелендіруге дайындалып жатыр. Олардың арасында «Қазақтелеком» мен «Қазатомөнеркәсіп» сынды ірі компаниялар бар. Яғни, таяу алты айдың ішінде аталған компаниядар ІРО-ға шығады деп күтеміз. Сонымен қатар АХҚО биржасына Қаржы министрлігінің ішкі қарыздары, теңгемен шығарған облигациялары орналастыратынды деп ойлаймыз», - деді Қайрат Келімбетов.