«Эйр Астана» әуекомпаниясы тәртіпке бағынбайтын жолаушылардың «қара тізімін» жасап, оларға арналған жазаны күрделендіруді ұсынады. Бұл туралы Алматыда өткен журналистермен кездесу барысында компания өкілі Ғалия Төлепбергенова айтты.
Оның айтуынша 2008-2017 жылдар аралығында әуе рейстері кезінде 3614 тәртіп бұзушылық тіркелген. Ал 2017 жылдың қаңтар айынан бастап мамыр айына дейін әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер туғызған 140 оқиға болған. Компанияның статистикасы бойынша әр мыңыншы әуе рейсінде сегіз деструктивті (тәртіп бұзушы) жолаушы кездеседі екен. Ең проблемалы рейстерге Астана-Алматы, Алматы-Атырау-Алматы, Алматы-Дубай, Алматы-Анталия кіреді.
Әуе компанияның апаттық құтқару қызметінің инструкторы Дәурен Патсаевтың сөзінше, наразы клиенттер әр рейсте кездеседі. Біреу қызмет көрсету сапасымен қанағаттанбаса, екіншісі жеке басына тиесілі себептерге байланысты көңілсіз болуы мүмкін. Air Astana клиент пен компания арасындағы қатынастың бұзылмауы үшін сапалы қызмет түрлерін ұсынады. Алайда жолаушы әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін амал жасаса, экипаж мүшелері оған күш көрсетуге, оны қатаң бақылауға құқылы.
Әлемдік әуе компаниялардың қызметінде әр мыңыншы рейсте екі деструктивті жолаушы кездеседі. Қазақстанмен салыстырғанда шетелде мұндай жолаушылардың саны төрт есе кем.
Ұшу кезінде ең жиі кездесетін тәртіп бұзушылықтың қатарына темекі шегу, дөрекі сөз айту, экипаж бен өзге жолаушыларға тіл тигізу, қауіпсіздік ережелерін сақтамау, ұялы телефонды пайдалану жатады. Жақында компания темекіге салынатын айыппұлдың көлемін көбейтті. Енді темекімен ұсталған жолаушы 450 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Компания өкілі Ғалия Төлепбергенованың сөзінше, мас күйде темекіні дәретханамен қатар ұшақтың салонында шегуге құмар клиенттер бар. Көбінесе Тблисиге баратын рейстерде темекімен ұсталған жолаушылардың саны басым.
Ұшақ бортында командирдің сөзін тыңдамағаны үшін 3 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), темекі шеккені үшін 3 АЕК, ұялы телефонды пайдаланғаны үшін 5 АЕК, ұшу кезінде қауіп тудырса 200 АЕК төлейді немесе 15 тәулікке қамауға алынады. Сондай-ақ жолаушы құқық бұзған жағдайда командир ұшақты жоспардан тыс қондырып, оны рейстен түсіруге құқылы. Алайда ұшақты жоспардан тыс қондыру 10 000 - 200 000 долларды құрайды.
Кейбір жолаушылар тәртіпсіздік танытумен шектелмей командирдің кабинасына кіруге ұмтылады. Осыны ескеріп Air Astana тәртіп бұзатын жолаушыларды 4 деңгейге бөлді. Бірінші деңгейге темекі шегу, дөрекі сөйлеу, экипажды балағаттау кіреді (2016 жылы 118 оқиға тіркелген). Екінші деңгейде тәртіп бұзған клиенттер «Эйр Астананың» «сұр тізіміне» енген. Бұл тізімде 22 жолаушы бар. Егер тізімдегі жолаушылар әуе рейсінде тағы да дөрекілік танытса, әуекомпания оған тасымалдау қызметін көрсетуге міндетті емес. Екінші деңгейдегі бұзақылықпен 2016 жылы 23 оқиға тіркелген. Үшінші, төртінші деңгейдегі тәртіп бұзушылықтар әлі кездеспепті.
Еске сала кетейік, 15 маусым күні Air Astana Мақсат Үсеновты ұшу кезінде тәртіп ережелерін бұзғаны үшін «сұр тізімге» қосты. Шетелдегі сапарынан оралған соң ол 10 күнге абақтыға қамалды.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024