
Алматы. 16 қараша. 7kun.kz – «ҚазМұнайГаз» АҚ жариялаған IPO шеңберінде акцияларға тиімді ақша салу сылтауымен алаяқтар Play Market-тің ресми дүкенінде күмәнді қосымшаларды белсенді түрде жарнамалауда. App Store-да әзірге мұндай сервистер пайда бола қойған жоқ, деп хабарлайды 7kun.kz Fingramota.kz-ке сілтеме жасап.
Алаяқтар тегін орнатуға болатын әртүрлі мобильді қосымшалардың көмегімен IPO-да «ақша табуды» ұсынады.

Алаяқтар «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың атауы мен логотипін пайдаланып, ал қосымшаларға сипаттамада аз ғана күш салып жоғары әрі кепілді табыс алуға уәде етеді. Бұл қосымшалар үкіметтің қолдауымен әзірленді-мыс деп сендіреді.
Алаяқтар IPO шеңберінде бағалы қағаздарға инвестиция салу жеңіл және әр инвестиция үлкен пайда әкеледі деп сендіреді. Дәлел ретінде олар жалған пікірлерді орналастырады. Мына деректерге: қосымшаның шығарылған күніне, ол қаншалықты жиі жаңартылатынына, әзірлеушісі кім екендігіне, пікірлердің саны мен жарияланған күні және пайдаланушылардың аты-жөндеріне назар аударыңыз. Қосымша сіздің деректеріңізді қалайша және қандай жолмен жинайтыны, өңдейтіні және әзірлеушіге беретіні туралы ақпарат маңызды болып табылады.

Басқа ұқсас қосымшаларды ашыңыз, егер онда алданған пайдаланушылардың пікірлері болса, оларды мұқият зерделеңіз.

7kun.kz «қомақты пайда» алуға уәде беретін алаяқтардың қызықтыратын ұсыныстарына сенбеуге шақырады.