Алматы. 20 қаңтар. 7kun.kz - Алматы қаласының мектептерінде түскі ас бағасы 10 есе қымбаттауы мүмкін. Себебі, асхананы жалға алушылар миллиондаған теңге қарызға кіріп кеткен. Қазіргі таңда бекітілген 300 теңгелік түскі аспен алысқа бару мүмкін емес дейді олар. Бұл жөнінде қаланың кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті жалгерлермен болған баспасөз отырысы кезінде белгілі болды.
Жалгерлердің қарызға белшесінен батуы өткен жылдың наурыз айынан бастау алған. Ұлттық экономика министрлігі сол сәтте мектеп, аурухана, әскери мекемелерде орынды жалға беру құнын 9-дан 28 есеге дейін көтеру туралы шешім шығарған еді.
«Қазіргі экономикалық ахуалдың қиын кезінде мұндай қадамға барғанымыз дұрыс емес, әрине. Егер, қарызымызды қайтару үшін несие алар болсақ, ол астың құнына әсер ететін болады. Бірақ, қалай болғанда да оңтайлы әдіс табамыз деп үміттенеміз», - дейді кәсіпкер Гүлнұр Мамаева.
Аталған шешім күшіне енгеннен үш айдан соң, Ұлттық экономика министрлігі жазғы уақытта төлем алмай, тамақтанатын жердің аумағын есепке алмайтын болды. Бірақ, мәселенің шешілуіне бұдан келер пайда болмады. Үш айдың өзінде жиналған қарыздың көлемі үш жылда төленетін сомаға сәйкес келіп қалған.
«Бүгінде бірнеше асханалар жабылып үлгерді. Орындар бекер тұрып қалатын болды», - дейді Кәсіпкерлер палатасының төрайымы Салтанат Лесбаева.
Қазір кәсіпкерлер министрлік бекіткен ережелерді алып тастауды сұрап отыр. Ал, қарыздар болса, бұрынғы тарифпен есептелсе дейді. Алдағы уақытта бизнесмендер көтерілген мөлшерлемемен төлеуге дайын. Әрине, нәтижесінде қабылданған нормалар ата-аналар, дәрігерлер, ұстаздардың қалтасын қағатын болады.
«Бұл асханалар белгілі бір адамдарға арналған. Мәселен, 80 000 теңге айлық алатын дәрігер бір түскі асқа 5-6 мың төлеуге қауқарлы ма? Балалардың ата-аналарына да қиын болады. Егер бала асханадан ала алмайтын болса, сырттан алып жейді. Ал, ол тамақтың қандай боларын ешкім білмейді», - дейді Салтанат Лесбаева.
Тегін тамақтандыруға қатысты айтар болсақ, қазір тегін тамақ тек жағдайы нашар отбасының балаларына ғана қарастырылған. 1-4 сынып аралығындағы оқушыларға бұрын берілетін тегін тамақ қазір жоқ.