Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Twitter-ге тіркелді. Еліміздегі ең маңызды облыстың бірін басқаратын адамның ашықтыққа қадамы көпшілікті қуантары сөзсіз. Алғашқы бірнеше твитін жазған әкім БАҚ-қа да баса назар аударатынын білдірді. Сайттардың бірінен Талғар ауданында қыста асфальт төсегендер туралы оқығанын, шара қолданатынын жазды.
Өткенге өкпе білдіруге болмас. Бірақ, Алматы облысында дәл осы ашықтық мәселесі соңғы жылдары ақсап тұрған еді. Мұны БАҚ беттерінен де оқуға болады. Халық мәселерді әлеуметтік желі мен БАҚ-та жазып, айтқанымен еститін адам таппайтын. Нәтижесінде қордаланған мәселелердің шешім таппай қалып жүргені жасырын емес.
Экс-әкімге жиі сын келтіріп, халық жиі шағымданатын мәселенің бірі - кадрларға, әсіресе аудан әкімдеріне қатысты. Баталов ОртКомда облыс әкімі ретіндегі соңғы брифингінде Талдықорған қаласын басқарған әкімдерге қатысты өзінің наразылығын айтып қалды. Өткен жылдары Талғар ауданы, Еңбекшіқазақ аудандарының бірнеше әкімі ұсталып, істі болды.
Бұдан бөлек халықтың наразылығына жиі тап болып, БАҚ беттерінен түспеген, бірақ былқ етпеген, қызметінен кетпеген әкімдер де көп. Соның бірі - Кеген ауданының әкімі. Журналистер Баталовтан да «блатной» әкім деп атаған Талғат Баеділов мырза БАҚ бетіне ондаған мақала шығып, халық сенімсіздік вотумын білдіріп, Президентке хат жолдағанда да былқ етпеді. БАҚ-тағы сынға да жауап бермеді, халық та "мәселемізді шешпеді", дейді. Соңғысы аудан тұрғындарының Президентке жолдаған хатына облыс әкімінің орынбасары жауап беріп, жуып-шайды. Сөйтіп халықтың талабы тасада қалды. «Арыз-шағымымыз Баеділовтен өтпейді, Баталовқа жетпейді», деген аудан халқы биыл қоғам белсенділерін көмекке шақырған. Тіпті халықтың талабын әкімге айтуға белсенді Тайжанның да тісі батпады. Аудан фермерлерімен бірге жекеге өтіп кеткен жерді көруге барған Тайжанның соңынан бірнеше көлікпен қуып жүріп, шығарып салды. Оның алдында Кеген ауданындағы Алғабас ауылына барып, қозғалыс құрам деген Тайжанның бар әрекеті Президент әкімшілігіне аудан тұрғындарының хатын өткізумен аяқталды.
Қанат Бозымбаев аудандарды аралап жүр, жақында Кеген ауданына барады дегенді естіген аудан тұрғындарынан редакциямызға бірнеше қоңырау түсті.
«Бозымбаев мырза, біздің үнді еститін шығар, деген белсенді тұрғындар өткенде Президентке жолдаған хаттағы өтінішіміз әлі күшінде, аудан әкімін орынбасарларымен қосып ауыстырса», дейді.
«Талғат Баеділов облыс әкімі аппаратының басшысы болып, орнына орынбасарларының бірін қойып кетеді екен, дегенді естідік. Алайда бұған қарсымыз. Бұл қазіргі әкім ауданға ары қарай да билігін жүргізе береді деген сөз. Біз аудан әкімінің орынбасарларымен бірге түбегейлі қызметінен кетуін сұраймыз», дейді бізге қоңырау шалып, атын көрсетпеуді сұраған тұрғын.
Сонымен кегендіктер әкім не үшін кетсін дейді?
- Аудан әкімінің халықпен байланысы нашар. Алдына келген адам ұнаса жылы сөйлесіп, ұнамағанына дікеңдеп, мәселесін тыңдамайды. Біз мұны материалға қосуды жөн көрмегенбіз, алайда аудан тұрғыны айтқандықтан атап көрсеттік. «Мемлекеттік қызметші хан, алдына келген құл» деген бап жоқ. Президенттің «еститін мемлекет» қағидасына қайшы. Ата Заңның өзі «мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп басталады.
- Әкім болғалы аудандағы өзіне біраз білікті кадрларды қуып, таныс-туыстарын қойды. Биыл Кеген аданындағы Шырғанақ ауылы әкімін сайлау кезіндегі шу талайдың есінде. Ауыл халқы Оразбай Бекбатыров есімді әкім орнында қалсын дейді, ал мәслихат жас жігітті тағайындаған. Мәслихатта аудан әкімінің өз адамдары отыр, деп шулады. Президентке хат жазып, сайлауды әділетсіз өтті деген тұрғындардың талабы тағы да аяқсыз қалды. Облыс әкімдігінен келген комиссия сайлау әділ өтті, деді. Бұл туралы БАқ жарыса жазғанымен, не аудан, не облыс әкімдігінен жауап болмады. Халық үні тағы естусіз, талабы орынсыз қалды. Ал аудан әкімі Баеділов мырза болса облыстан комиссия барып, Шырғанақта шу шығып жатқанда кабинетінен шықпаған, халықтың ортасынан табылмаған. Осы мәселені түсіруге барған журналистердің өзі аудан әкімінің әрекетіне таңқалып, әлеуметтік желіге «сырттан саясатты жақсы жүргізеді екенсіз, бірақ халық үніне құлақ асатын мемлекеттің сарбаздары халықпен бірге жүруі керек емес пе?! Басыңыздан бір дау айырылмады ғой....» деп жазды. Дәл осы тақырыпқа бірнеше мақала жарық көріпті. Айғақ болуы үшін тізейік:
Алматы облысы Кеген ауданындағы әділетсіздікті тексеруге арнайы комиссия барды
Шырғанақ ауылының жаңа әкіміне халық қарсылық білдіруде
Баталовтың назарына! "Бізге басқа әкім керек емес!". Шырғанақтан шыққан шу (видео)
Ауыл әкімі: Көз алдау сайлау кімге керек?
Шырғанақтың шырқын бұзған оқиғаға биліктің назары аумай отыр
Елбасының, Президенттің атымен қатар айтылады: Кегенде аудан әкімі дара билік жүргізіп отыр ма?
Шырғанақтың тұрғындары әкімін қайтаруды сұрайды
Бірақ, аудан әкімі де, облыс басшылары да бұл мәселеге пікір білдірмеді. Акциясы қор нарығында сатылатын әлемдік компания болса, мұндай сыннан кейін акциясы құлдырап, құны түсіп шыға келер еді. Алайда бұл Алматы облысы, «акция құнын» халықтың үні емес, бірнеше басшы ғана белгілейді. Баталов мырзаның атына сын келтірген оқиғаның бірі осы, алайда мұны экс-әкімнің өзі білмейтін сияқты. Тіпті естімеген бе деп ойлаймыз. Өйткені «Еститін мемлекетте» тұратын әкім бірдеме деуі керек еді.
Аудан тұрғындары көтеріп жүрген мәселенің бірі - ауылшаруашылығы жері. Ақсай, Кеген, Қарқара ауылдарының тұрғындары «жайылымдық жер таппай 100 шақырым жердегі Көкпек жазығына барып мал бағуға мәжбүрміз, ал бізге тиеселі жерді сырттан келген инвестор «Қазмясо» компаниясы алып алған. Инвесторға қарсы емеспіз, алайда жергілікті халықтың табыс көзі мал, соған сәл болса да қамқорлық жасалса», дейді.
Мұны тұрғындар Президентке жазған хатында да айтқан. Ал инвестордан артылған жерді 2020 жылы аудан әкімінің орынбасары басқарған комиссия конкурс арқылы жерді өздері мен туыстарына бөліп беріп, шу шыққан. Бұл туралы да БАҚ жарыса жазды.
«Кегенге кел»: Алматы облысында аудан атқамінерлері жерді қалай бөліске салған?
Билікпен жақындар жерді бөліп алған
Жерді бөлу комиссиясының мүшесі конкурста өзі жеңімпаз атанған. Өңір басшысы істі тексеруді тапсырды
Жерді бөлу комиссиясының мүшесі конкурста өзі жеңімпаз атанған. Өңір басшысы істі тексеруді тапсырды
Кегендегі жер иесі - әкімдердің әкелері
Алайда бұл мәселе комиссия қорытындысының күшін жоюмен ғана аяқталды.
Жер дауы мұнымен бітпейді. Сырттан барып жер сатып алғандардың бірі Бөлексаз ауылында сиыр фермасын салып, биыл одан да шу шықты. Баққан малы ауырудан қырылған, сиырға жұға ма деп қорыққан халық, журналистерді шақырып шу шығарған еді. Оған қоса жазда ауыл сасып кетеді, дейді жергілікті халық. Алайда мәселе шешілген жоқ, әкім жиынға барған журналистер мен халыққа дікіңдеп шығарып салды. Сол күйі бұл мәселе жылы жабылып қойғанға ұқсайды. Жергілікті халық шешілерінен күдер үзген. Облыс әкіміне бұл мәселе не жетпеген, не Баталов білсе де үндемеді. Ал тұрғындар болса «Жер болмаса мал бағудан пайда жоқ, бәрін сатып, мемлекетке алақан жаятындар қатарына қосылатын сияқтымыз. Облыстың жаңа әкімі осы мәселерге назар аударып, мәселе шешетін іскер әкім тағайындаса», дейді.
Талғардағы «асфальтке» назар аударған Қанат Бозымбаев мырза Кегендегі бір қауым елдің пікірін де таразылайды деп сенеміз.
Редакциядан:
«7kun.kz» - еркін ақпарат алаңы. Ұлт мәселесі мен қоғамда болып жатқан жайттарға үн қосып, пікір білдіруге әркім қақылы. Мақала редакция ұстанымын білдірмейді. Жоғарыда аттары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге мүдделі болса, олардың да пікірін жариялауға әзірміз.
7kun.kz
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024