Алматы облысындағы үш ауданда 1,5 миллион гектар жер небәрі 30 адамға тиесілі
Нұр-Сұлтан. 29 маусым. 7kun.kz – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәкіржан Кузиев мемлекеттік орман қоры жерлерін жекелеген адамдардың аң шаруашылығы үшін пайдалануы жайында мәселе көтеріп, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды 7kun.kz.
Оның айтуынша, мемлекет Алматы облысындағы Райымбек, Кеген, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарындағы бір жарым миллион гектар жер бар-жоғы 30 адамның қолында. Аталған мәселені халықты біраз жылдан бері толғандырып келеді.
«Аз ғана топтың жалпы халыққа арналған, оның ішінде ең жақсы жерлерді иемденіп алғаны бізді қатты ойландырады. Бұл «Басқа жердің гүлінен, туған жердің тікенін артық» көретін халықтың көп жылдардан бері жанына батып келеді. Тіпті, орманшылар арасында «Зона покоя» деп аталатын аймақтарға қол салып, аңдарды жаппай жою әдетке айналған», – деді депутат.
Кеген ауданында мемлекеттік орман қорынан 415 мың гектар жер 12 адамға тиесілі болса, Райымбек ауданында 523 мың гектар жерді небары 11 адам аң шаруашылығы үшін қоршап алған.
Ал Ұйғыр ауданында мемлекеттік орман қоры мен мемлекеттік жерден 415 мың гектар жерді бар-жоғы аң шаруашылығын жүргіземіз деген мақсатта 6 адам бөліп алған. Бұл аудандағы орманды жерлердің 97 пайызын құрайды.
«2000 жылдарға дейін жайлаудағы орман шаруашылығы Лесхоздарға қараса, жерін халық шабындық пен мал бағуға қолданатын. Қазір халық малды ауылдағы қорасында қамап ұстап, санитарлық-ветеринарлық талаптарды бұзуға мәжбүр. Себебі жайлаудың «қожайындары» соңғы 15-20 жылда малды ол жерге кіргізбейді», – деді Зәкіржан Кузиев.
Депутаттың айтуынша, аталған мәселе туралы аудан халқы облыс әкіміне, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне хат жазудан шаршаған.
«Аталған аң шаруашылықтарының иелері Алматы, Нұр-Султан, Талдықорған сияқты ірі қалаларда тұрады. Ал, ауыл халқының мал жайып, шөп шабатын жерлеріне аң аулап, саят құру үшін анда-санда келеді», – деді Мәжіліс депутаты.
Егер аталған мәселе уақытылы шешілмесе елдің ашуы туып, әлеуметтік теңсіздікке соқтыруы мүмкін.
«Жаңа Қазақстанның құрылып, елде жағдайдың жақсаруын ауыл халқы да қалайды. Сондықтан, мен айтып отырған әділетсіздік принциптері жойылуы керек. Халық өз жерлерін жазда жайлау ретінде пайдаланып, керемет табиғат саясында экотуризмді дамытуға мүмкіндік жасалу керек деп санаймын», – деді депутат.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024