Алматы. 8 шілде. 7kun.kz - Кәсіпкерлер ауылшаруашылығындағы тұрақты дамудың сырын айтты, дейді inform.kz.
«Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастығы» Қоғамдық Қорының қолдауымен 4 жыл бұрын «Шелек фермерлері» бағдарламасы ашылған. Ерсінбек Әукенұлы осының аясында шағын бизнесін дамытуға мүмкіндік алды. Қордың көмегімен 14 жылдан бері қызанақ өсіріп келе жатқан «Шелек фермерлері» кооперативінің мүшесі - Ермек жылыжайдағы жаңа әдісті алғаш енгізгендердің бірі.
«Бүгінде менің төрт жылыжайым бар. Олардың әрқайсысынан 10-14 тонна өнім аламын. Топырақта өссе, тамызға таман жемісін беретін тұқым жылыжайда одан көп бұрын өнім берді. Қызанақтар 70 күннің ішінде піседі. Күнің суығынан келетін кедергі жоқ, жылыжайда күздің соңғы күніне дейін көкөніс өсіруге болады. Тамшылы суару жүйесін қолданып отырмыз, өте ыңғайлы. Ауылшаруашылығындағы жаңалықтармен Қордың қарамағындағы агробизнес орталығынан хабардар етіп отырады», - деді Ерсінбек Әукенұлы.
Ерсінбек Әукенұлы жылыжай құрылысын салу үшін «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастығы» Қоғамдық Қорынан қаржылай көмек алған. 500 отбасы қоныстанған ауылда тұрғындардың 10 пайызы ғана ауыл шаруашылығымен айналысады. Ал көрші ауылдың бұрынғы тұрғыны Тұрған Ибрагимов агрөнеркәсіппен Шымкент қаласында танысып, жылыжайда қызанақ өсіру әдісін оңтүстік өңірден әкелген. Алайда екі жыл бұрын өмірден озған оның ісін баласы Роллан Ибрагимов жалғастыруда.
Жас фермер аз уақыттық тәжірибесіне қарамастан ауылшаруашылығына өзінің жаңа технологиясын енгізіп үлгерген. «Баламыз осымен 3-ші жыл көкөніс өсірумен айналысып келеді. Алғашқыда жылыжайымыз заманауи технологиялармен жабдықталмаған еді. Жыл өткен сайын Қордың кеңесімен бизнесімізді көркейтіп жатырмыз. Роллан биыл жылыжайға жылы еден орналастырды. Бұл өнім маусымын ұзартады. Бірінші түсім топтамасын сатып жібердік. Қыс мезгілінде пеш жағып, көшетті жалғастыруға болады. Түсім уақытын қолдан ұзарту қаржының көзі болып отыр», - деді жас фермердің анасы Екатерина Ибрагимова.
2014 жылдан бері фермерлер ауыл шаруашылығына түрлі заманауи агротехнологияларды енгізіп келеді. Бұрыш өсіру әдісі ауыл шаруашылығын дамудың жаңа деңгейіне шығарды.
Жылыжайда алғаш бұрыш өсіргендердің бірі - Павел Кавунов. «Фермерлер мол өнім алу үшін биылдан бастап жылыжай салуды қолға алды. Олардың көбі қызанақ, қияр өсірсе, мен бұрыш өсіріп көрдім. Биыл 18 га аумаққа бұрыш отырғыздым. Алты жылыжайдың әр 320 шаршы метріне 800 мың теңгеден шығындалдық», - деді Павел Кавунов.
Агрономның айтуынша кооператив құрамында 22 адам бар. Тоғыз фермер жылыжай салып үлгерген. Өз есептерінше, фермерлер 2 жыл ішінде кәсіпке салған қаражатарын қайтарып алмақ. Қор мүшелерінің сөзіне сенсек, Шелек ауданында жылыжай өсіру әдісі бұрын болмаған. Бұл тәсіл өнім беретін маусымды 1,5-2 айға ұзартады. Осының есебінен фермерлердің де кірісі артпақ.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024