Талдықорған. 2 маусым. 7kun.kz - Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы жаңа шағын кредит беру бағдарламасына қатысушы кәсіпкерлердің өтініштерін қарауды бастап кетті. Кредит комитеті жалпы сомасы 75,8 млн теңге болатын 20 өтінішті мақұлдады. Бұл туралы облыстық палатаның баспасөз қызметі хабарлады.
Қарыз алушылар - қант қызылшасын өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының өкілдері. Комитет мүшесі әрі Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, ең аз несие сомасы 1,2 млн теңге болса, ең көбі - 6 млн теңге.
«20 өтініш бойынша барлығы 75 млн 800 мың теңге беріледі. Енді құжаттарды Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына тапсыруды жоспарлап отырмыз. Олар қаржылай қаражатты бөлу үшін қарыз алушылармен қарыз алу және кепілге қою шартын жасасады. Бір аптадан кейін-ақ шаруалар қаражатқа қол жеткізе алады деп күтілуде», – деді Л.Шыңғысбаева.
Шағын кредит беру бағдарламасының басты ерекшелігі – кепіл ретінде жер телімдерін, тұрғын-жай құрылыстарын және басқа да жылжымайтын мүліктерді қарастыруы. Реттеме бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылына 6% болса, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7%-дан көп емес. Несие 4 жыл 6 ай мерзімге дейін беріледі. Қарызды ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет және жылына бір рет өтеуге болады.
Еске салайық, «Атамекен» ҰКП мен Алматы облысының әкімдігі шағын бизнес субъектілеріне арнап 600 млн теңге бөлген еді. Өңірдегі кредит беру операторы - «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» (АШҚҚҚ) АҚ.