Алматы. 18 мамыр. 7kun.kz - Алматы қаласында 4 жыл бұрын ашылып, бизнесін дөңгелеткен әлемдік бренд саналатын Hilton қонақ үйі жұмысын тоқтауы мүмкін, деп хабарлайды 7kun.kz.
2019 жылы «АБЛИ Құрылыс» компаниясы франчайзинг келісімі бойынша Алматы орталығынан DoubleTree by Hilton қонақ үйін салып, іске қосқан. Құрылыс барысында ғимаратты салушы компанияның құрылтайшысы Шолпан Каранеева елдегі банктердің бірі «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-на қонақ үйді кепілге қойып, 4 млрд 200 млн теңге қарыз алған. 2020 жылы короновирустық пандемия басталып, қонақ үй қызметі уақытша тоқтаған. Президент тапсырмасы бойынша банктер негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтату туралы бұйрығы бекітіледі.
Алайда «Capital Bank Kazakhstan» АҚ бұл бұйрықты елемей, қонақ үй иесін қарыз деп таныған. «АБЛИ Құрылысы» компаниясы тарапынан банкке бес рет жолданған өтініш жауапсыз болыпты. 2020 жылы «Capital Bank Kazakhstan» Hilton қонақ үйіне жиналып қалған қарызды төлеу туралы хабарлама жіберіпті.
Пандемиядан кейін елдегі бірнеше банк лицензиясынан айырылған. Олардың қатарын «Capital Bank Kazakhstan» толықтырған. Ал банкрот болған үш банкке елдегі ең бай елу бизнесменнің бірі Орифджан Шадиев иелік еткен еді. Алайда Шадиев бұл тізімнен 2020 жылы түсіп қалды. Бұл – әйгілі Патох Шодиевтің немере інісі.
Қарызы бар қонақ үй кімге сатылды?
«Абли Құрылыс» компаниясының заңгері Асқар Өтешов банк пен жеке компаниялар арасындағы келісімдер өте күрделі схемамен жүзеге асқан дейді. Тіпті, «Hilton-ды» жарты бағасына сатып жібергенін айтады.
«Capital Bank Kazakhstan» қарызды төлемеді деп қонақ үйді «Заңгер» коллекторлық агенттігіне береді. Ал «Заңгер» қонақ үйдің нарықтағы құны 9,5 млрд теңгеден асса да, оны бар болғаны 5,1 млрд теңгеге бағалаған». Артынша банкте кепілде тұрған қонақ үй «Байдала» ЖШС-не сатылып кеткен.
2021 жылдың қараша айынан бастап қонақ үйдің жаңа қожайыны пайда болып, ол өз жұмысшыларын кіргізе бастаған. Жұмысшылар сол уақытта мейманханаға Қайрат Сатыбалды өз адамдарымен бірге келіп аралап жүрді дейді.
«Осы қонақ үйде 2019 жылдың маусым айынан бастап Кір жуу бөлімінде супервайзер болып жұмыс істеймін. 2021 жылы қараша айында Қайрат Сатыбалды деген кісі біздің бөлімге кірді. Қасындағы орамал таққан әйел адамға: Гүлеке, міне, мынау Прачка-срачка деп көрсетіп, шығып кетті. Онымен бірге 5-6 адам болды. Осы ғимараттың қожайыны сияқты өте сенімді жүрді. Оның Қайрат Сатыбалды екенін кейіннен білдік қой», дейді Бекзат Омарова.
«АБЛИ Құрылысы» компаниясы сотқа шағымданған. Алайда қалалық ауданаралық сот та, апелляциялық сот та шағымды қанағаттандырмаған. Алматыдағы аты әлемге әйгілі Hilton қонақ үйінің ары қарайғы тағдыры да белгісіз. Мейманхананы ашып, қомақты қаржы салған кәсіпкер Шолпан Каранеева мұны «рейдерлік басып алу» әрекеті деп бағалап отыр. Ай сайын несиесін төлеп отыруға қабілеті бар бизнес құрылымы «несие төлемейтін қара тізімдегі мекемелер» санатына жатқызылған. Өзінің қиын жағдайға душар болғанын айтып, компания құрылтайшысы мемлекет басшысынан көмек сұрап, үндеу жасады.
«Менің қонақ үйіме қатысты сізге үндеу жасап отырмын. Мұнда елге белгілі тұлғалардың қатысы бар. Қажет болған жағдайда аттарын атап беруге дайынмын. Мен олигарх емеспін. Бұл қонақ үйді өз күшіммен 10 жылдай салдым. Құрметті президент мырза, сізден өз атымнан және қонақ үйде жұмыс істейтін 150-дей қызметкердің атынан көмек сұраймын», дейді Шолпан Каранеева.
«АБЛИ Құрылыс» компаниясы DoubleTree by Hilton қонақ үйінің франшизасын сатып алған. Сол арқылы бизнесін жүргізген. Аталған бизнес төңірегіндегі дау АҚШ елшілігін де алаңдатып отыр екен. Егер қонақ үй тарапынан франшизалық келісім бұзылса, 150-ден асатын қызметкер жұмыссыз қалмақшы. Ал Шолпан Каранеева бастаған ұжым енді жоғарғы сотқа шағым түсірмекші.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024