Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Алматыдағы «билборд дауы» ақпараттық соғысқа ұласты

Алматыдағы «билборд  дауы» ақпараттық соғысқа ұласты

Көшелерде қалқиып тұрған билборд біреуге темір, біреуге жарнама көрінгенімен, біреуге қып-қызыл бизнес. Әсіресе ірі қалаларда. Ақшаның көзі болған соң дау да көп. Сондай даудың бірі биыл наурыз айында болды.

Billboards Empire компаниясының атқарушы директоры Наиль Ахмеджанов «компанияға тиеселі 150 билбордты (кейін өзі 110 деп хабарлады) біреулер бір түнде жоқ қылып, 130 млн теңге шығын келтірді, митингіге шығамын», деп жаһанға жар салды.

Бұл мәселе бойынша БАҚ-қа түсініктеме берген Алматының архитектура және қала құрылысы басқармасы мәслихаттың 2015 жылдың 30 қарашадағы шешімімен сыртқы жарнамаға талап өзгергенін, осыған байланысты ескі форматтағы жарнамалық құралдарды ауыстыру жргізілгенін хабарлаған. Жаңа талап бойынша 3х6 метрлік жарнамалық қондырғылар 2,15х3,14 метрге ауыстырылуы керек.

«2016 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша қаладағы 1 894 жарнамалық қондырғының 599 жаңа үлгіге көшірілді. 984-і бұзылды», делінген хабарламада.

2016 жылдың басында қала әкімі Бауыржан Байбек журналистерге билбордтардың иелері таза табысын жасыратынын, көлемі үлкен баннерлер көшедегі көлік құралдарының жүрісіне кедергі келтіретінін айтқан еді. Сірә жаңа талап соған байланысты қабылданса керек.

Жарнама агенттігінің иесі Наиль Ахмеджанов болса «бұзылып кеткен билбордтардың ішінде алтауы жаңа үлгіде еді» дейді.

Жарнамашылар бұл іс бойынша кейін сотқа шағымданып, сотта жеңіліс табады. Митинг өткізбекші болған еді, рұқсат берілмеген.

Сонымен бұл іс тәмам сияқты еді. Бүгінгінің жазылмаған заңы бойынша әлеуметтік желідегі «ақпараттық соғысқа» ұласып кетіпті.  Facebook-та екі бірдей «Билборды Алматы» деген парақша пайда болды. Әлгі парақшалардың бірі  әкімдіктен бастап жарнама нарығындағы "заңсыздықтарға" дейін тізіп жазып, запран төгіп отырады. Екіншісі осы аптада пайда болды. Әзірге екі жазбасында бұзылған билбордтарға қатысты біраз ақпаратты тізіп шығыпты.

Парақшада «Алматыдағы билборд жарнамасын ұсынатын 17 компанияның 15-і жаңа үлгіге көшкені, оның екеуі One+One мен Bilboard Empire мәслихат шешімін орындаудан бас тартты» дейді. Ал ол екі компанияның иелері жоғарыдағы Наиль Ахмеджанов екен. Тағы бір құрылтайшы Константин Логутов кезінде Алматы облысындағы Іле ауданының әкімі, кейін Мәжіліс депутаты болған  Николай Логутовтың ұлы дейді. Парақшада «Константин әкесі әкім кезінде облыс аумағынан билбордқа жер алған, кейін ол аумақ Алматыға өтті. Билбордқа қатысты жаңа формат 2016 жылдың 1 сәуірінде шықты, оны орындауға компанияның 1,5 жылы болды. Қазір қос компания Алматы облысының жарнама нарығында ірі ойыншы. Олардың 1000-нан астам билбордтары облыс аумағының сәнін кіргізіп тұр», дейді «ар жағында кім тұрғанын ішің білсін әлеулай» парақша.

Алдағы уақытта «қос компания қанша салық төлейді, Ахмеджановтың шетелдік медқызметпен құйтырқы істері, Логутовтардың қандай бизнесі бар» тақырыптарына ақпарат береміз деп біраз тақырыпты тізіп қойыпты.

Несі бар, ақпараттық соғыс адамдарды әрқашан қызықтырған. Біреу жеңіп, біреу жеңілгенше көрермен боламыз да.

Похожие материалы