Алматы. 29 сәуір. 7kun.kz – 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы әуе айлағының аумағында апатқа ұшыраған Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 әуе кемесіне қатысты тексеру жұмыстары аяқталды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
««Бек Эйр» АҚ әуе кемесінің апаты ұшақ әуеге көтерілген кезде қанатының күш түсетін қасиеттерінің симметриясын жоғалтуы нәтижесінде орын алғаны анықталды. Соның кесірінен ұшақ ұшу-қону жолағынан көтерілгеннен кейін құлап, қар басқан топырақтың бетімен оңға қарай ауып кеткен, одан кейін әуежай қоршауын бұзып, 9-10 метр жерде орналасқан екі қабатты жеке меншіктегі құрылыс нысанына соғылған», – делінген хабарламада.
Комиссия қорытындысына сәйкес, ұшақ қанатының күш түсетін қасиеттерін жоғалту себебі жер бетінің мұздануы болуы ықтимал.
Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесінің (ICAO) Чикаго конвенциясының 13-қосымшасына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тексеру нәтижелері бойынша қорытынды есеп Нидерланд Корольдігінің қауіпсіздік жөніндегі бюросымен, Мемлекетаралық авиация комитетімен келісілді.
Естеріңізде болса, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына бет алған Bek Air әуе компаниясының ұшағы әуежайдан ұшар сәтте апатқа ұшырап, 13 адам қаза тапқан.