Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Апта қорытындысы

Апта қорытындысы

Алматы. 24 ақпан. 7kun.kz – Әр апта сайын елімізде маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz  тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 20-24 ақпан аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.

Дүйсенбі, 20 ақпанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 11 пайызға дейін төмендетті. Банк төрағасы Данияр Ақышевтың сөзінше, өзгеріс әлемдік мұнай бағасының 50 долларға дейін көтерілуімен байланысты. "Ішкі факторлар бойынша, инфляция деңгейі бәсеңдеді, халықтың девальвациялық пікірлері оңалып келеді, банктердегі салымдар долларсыздана бастады", — деді Ақышев нарық жағдайы туралы. Айта кетейік, 2017 жылдың 9 қаңтарында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені  12% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдаған.

Сейсенбі, 21 ақпанда Зейнетақы қорының 50 млрд теңгесі теміржол саласына бөлінетіндігіне қатысты дау туды. 20 ақпанда инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау БЖЗҚ қаржысының 50 млрд теңгесі темір жол саласына бөлінеді деп мәлімдеген еді. Осыған қатысты «БЖЗҚ» АҚ жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы Досым Сәтпаев Ұлттық банк және БЖЗҚ басшылығына арнайы хат жазды. Ұлттық банктің түсіндіруінше, қаржыны инвестициялау туралы ұсыныс әлі қаралып жатыр. "Бүгінде зейнетақы қорларының инвестициялау бағыты анықталған жоқ, әлі де Ұлттық қорды басқару бойынша Кеңестің қарауында", — деп түсіндірді қаржы реттеуіші. Ал инвестиция және даму министрлігінің түсіндіруінше, БЖЗҚ ақшасы қаржы тартудың бір мүмкіндігі ғана, әзірге басқа да шаралары қарастырылып жатыр.

Ресей билігі Еуразиялық экономикалық одақтан келетін кейбір тауарлардың елге кіруіне тыйым салды. Енді РФ-ға кеден салығы төмен немесе импортерлеріне арнайы жеңілдік берілген ЕАЭО-ның елдерінен келген тауарлар кіргізілмейді. Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, құжаттың мақсаты — Ресейге ЕАЭО мемлекеттері арқылы соның ішінде Қазақстан арқылы келетін ДСҰ (Дүниежүзілік сауда ұйымы) елдері тауарларының өткізілуіне шектеу қою.

Елімізде Қазақинвест және Қазақэкспорт компаниялары құрылады. «Қазақинвест» үкімет атынан барлық трансұлттық компаниялар және ірі инвесторлармен келіссөздер жүргізеді. «Қазақэкспорт» қазақстандық экспорт бойынша барлық жұмыстармен айналысуы қажет. "Ұлттық компанияны құру бойынша барлық жұмыстар алдағы екі аптада аяқталуы тиіс", — деді инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Сәрсенбі, 22 ақпанда америкалық валюта курсы 313 теңгеге арзандады. Қазақстан қор биржасындағы күндізгі сауда сессиясының қорытындысы бойынша, доллардың орташа бағамы 313,45 теңгені құрады. Ақша айырбастау орындарындағы шетелдік валюта 315 теңгеден сатылды. Айта кету керек, бұл апта басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 4 теңгеге арзан.

«Даму» Қоры «Қазкомерцбанкке» 1 млрд теңге несие желісін ұсынды. Бұл қаржы «Алматы Инновациялар» бағдарламасын қаржыландыру үшін керек. Қаржының тең жартысы «Даму» Қорының өз қаражаты болса, қалған соманы Алматы қалалық әкімшілігі бөлді. Шарт бойынша банк 6 айдың ішінде Алматы қаласының шағын және орта кәсіпкерлерін 8,5% жылдық сыйақы мөлшерлемесімен кредитеуі керек.

Тамара Дүйсенова зейнетақының қалай көбейетіндігін түсіндірді. «2017 жылдың басында ынтымақтастық зейнетақы көлемі 9%-ға, шілдеден кейін 11%-ға көбейеді. Ал базалық зейнетақы көлемі жыл басында 7%-ға, шілдеден бастап 13%-ға артады. Нәтижесінде 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы зейнетақы 20%-ға өседі. Еліміздегі 2 млн-ға жуық зейнеткер үшін бюджеттен 80 млрд теңге бөлінді», — деді ведомство басшысы. Оның сөзінше, 2018 жылы базалық зейнетақы, мүгедектігі бойынша және асыраушысын жоғалтқаны бойынша жәрдемақы көлемінің өсімі 16%-ды құрайды.

Бейсенбі, 23 ақпанда Қазақстан ұлттық экономикасы 2017 жылы жаңа салық кодексін енгізетіндігін мәлімдеді. Оның сөзінше, жаңа кодексте ҚҚС алу механизмі жүзеге асады. Одан бөлек, салықтық әкімшілік оңтайланып, тұтынушылар жүйесі жақсарады. «Бізге базалық салаларға қызығушылықты арттыру міндетті. Салық салу жүйесі осы бағытта да жетілдіріледі. Барлық нәтижесіз салық жеңілдіктері алынып тасталынады», — деді министр. Сондай-ақ осы жылы ЕАЭО құжаттарына сәйкес жаңа кедендік кодекс те жасалады.

Құрылыс компанияларын «көлеңкеден» шығару үшін қаржы министрлігі арнайы жоба дайындап жатыр. Енді конкурс өткізілгеннен кейін қаржының тендер алушыдан бастап жұмсалғанға дейінгі жолын қазынашылық комитеті қадағалап отырады. Алғаш рет (инжинирг компаниясы) супервайзер қызметі іске қосылып, құрылыстың сапасы ғана емес, барлық шығындары да бақыланып отырады. Пилоттық жоба Астана қаласында және Ақмола, Қарағанды облыстарында жүзеге асырылады.

Осы жылдың бірінші наурызынан бастап Қазақстанда Discovery Showcase HD атты жаңа арна жұмысын бастайды. Каналда Discovery Channel,  Animal Planet, TLC, Discovery Science және ID Xtra тәрізді ірі арналардың танымал шоулары көрсетіледі. Сондай-ақ Discovery Showcase HD қазақстандықтарға мемлекеттік тілде бағдарлама тарататын шетелдік арна болмақ. Алғашында көрермендер қазақ тілінде прайм-таймда қазақ тіліндегі шоуларды көре алады.

Жұма, 24 ақпанда доллар курсы 311 теңгеге дейін арзандады. Қазақстан қор биржасындағы америкалық валюта бағамы 311,32 теңгені құрады. Ақша айырбастау орындарында шетелдік валюта 313,5 теңгеден сатылды. Бұл апта басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 7 теңгеге дейін арзан.

1 наурыздан бастап 2006 жылғы үлгідегі номиналы 1000 теңгелік банкноттардың айналыстан шығатын болды. «Аталған күнге дейін бұл банкноттар заңды төлем құралы болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдер және банк операциялары үшін қандай да болмасын шектеусіз пайдаланылады», - делінген Ұлттық банк хабарламасында. 2006 жылғы үлгідегі номиналы 1000 теңгелік банкноттарды Ұлттық Банктің барлық филиалдарында олардың айналыста болуының аяқталу күнін күтпей айырбастауға болады.

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 2,1%-ға дейін қымбаттады. Статистика комитетінің мәліметінше,  картоп  14,3%-ға, ақбас қырыққабаты 8%-ға, пияз 7,8%, қызылша 4,2%, сәбіз 2,9%-ға қымбаттаған. Сондай-ақ, сиыр етінің (6,3%) және қой етінің бағасы (4,7%) өскен. Бұдан бөлек сары май 4,4%-ға, өсімдік майы 2,1% қымбаттады. Нан 3,1%-ға өсті.

Похожие материалы