Ақтөбе әкімдігі ТҚЖБ салымшыларына баспананың бастапқы жарнасын төлеуге көмектеседі
Алматы. 7 қараша. 7kun.kz – Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына пәтер сатып алу үшін қарыз беру туралы келісімге қол қойды.
Жоба аясында облыстық әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған және «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтарды қаржылай қолдау қарастырылып отыр.
Олар үшін аймақтық билік бірінші кезеңде бюджеттен 250 млн теңге бөлуге дайын. Аталған қаражат «Нұр-Ақтөбе» ықшамауданындағы бір бөлмелі пәтерлерді сатып алуда бастапқы жарнаны төмендетуге жұмсалады. Барлығы 500-дей пәтер сатылады деп жоспарланып отыр. Таза әрлеудегі тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі 100 000-120 000 теңгені құрайды. Пәтерлер аумағы 32 және 54 шаршы метр аралығында.
«Мемлекет басшысы өз жолдауында қазақстандықтарға бастапқы жарна жинауға көмектесуді, осылайша ипотека қолжетімділігін арттыруды тапсырды. Қазір бұл тапсырма іске асырылып жатыр. Бөлінген әлеуметтік көмек аймақ тұрғындарына баспана сатып алуда жақсы қолдау болады. «Нұрлы жер» бағдарламасының шарттарына сәйкес, 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген заем алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотта үй бағасының 20%-на тең бастапқы жарна болуы керек. Мәселен, аумағы 45 шаршы метр болатын пәтердің бағасы – 5 млн теңге. Оны сатып алу үшін банктегі салымда бар болғаны 10%-дың, яғни 500 000 теңгенің болуы жеткілікті, ал бастапқы жарна үшін қажет қалған 10%-ды әкімдік бюджеттен бөліп береді», - деп түсіндіріп өтті банк басшысы Ләззат Ибрагимова.
Әкімдіктен берілген қаражатты займшы бес жыл ішінде үстемақысыз қайтарады.
Қарыз алу туралы өтініштерді жергілікті әкімдік қызметкерлері 2018 жылдың 9 қарашасына дейін Ақтөбе қаласындағы Халықтық кеңсе ғимаратында қабылдайды. Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар – меншігінде тұрғын үйдің болмауы және төлем қабілеттілігін растай алуы.
Қарыз алушылардың қорытынды пулы бекітілген соң әкімдік әр үміткердің Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотына бастапқы жарна үшін қаражат аударады, осыдан кейін заем ресімделіп, сатып алу-сату келісім-шарты бекітіледі.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024