Осы аптада Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан ақылы жолдардан қанша табыс тапқанын хабарлады. Ведомствоның ақпаратына сәйкес, елімізде жалпы ұзақтығы 682 шақырым болатын төрт ақылы учаске жұмыс істейді.
Нұр-Сұлтан – Щучинск учаскесінде ақы алу жүйесі 2013 жылы іске қосылған. Бүгінге дейін оның табысы - шамамен 7,4 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 471 шақырым болатын Нұрсұлтан – Теміртау, Алматы – Қапшағай және Алматы – Қорғас учаскелері 500 млн теңгеден астам табыс әкелді.
Министрлік сондай-ақ, биылғы жылы жалпы ұзындығы 5,5 мың км автожолдардың 13 учаскесінде, оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің учаскелерінде төлем алу жүйесін құру бойынша жобалақ-сметалық құжаттама әзірленетінін айтты.
«Бұл жобаларды мемлекеттік-жеке меншік серіктестік механизмі бойынша жүзеге асыру жоспарлануда. Биылғы жылы жыл соңында жеке әріптеспен шартқа қол қою арқылы конкурстық рәсімдерді өткізу күтілуде. 2020 жылға қарай жобаны іске қосу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары 2020 жылдың соңына дейін іске қосылады», — деп түсіндірді министрлікте.
Сондай-ақ, жаңа ақылы жолдарда қолданыстағы тарифтік кесте қолданылатынын айтады.
Жүргізушілерді алдын ала төлеуге ынталандыру және пункттердегі кезектерді қысқарту мақсатында жеңіл автомобильдер үшін сараланған тариф қарастырылған. Алдын-ала төленген жағдайда, құны төлем алу пункттерінен екі есе төмен болады.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан–Теміртау учаскесіндегі жеңіл автокөліктерге арналған тариф құны 400 теңге, ал алдын-ала төлем – 200 теңге. Автобустарға, жүк көліктеріне келетін болсақ, мұнда тариф көлік құралдарының өткізу қабілетіне байланысты өзгереді.
2019 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі МЖС туралы шарттарға қол қоя отырып, конкурстық рәсімдерді өткізеді. Жоспар бойынша, 13 учаскедегі құрылыс-монтаж жұмыстары 2020 жылы басталып, ал 2021 жылы төлем алу жүйесі іске қосылады.
Осылайше елімізде ақылы жолдардың үлесі көбейеді. 2021 жылға дейін 6,7 мың шақырым, 2025 жылға қарай ақылы жолдар 11,7 мың шақырымға жеткізілмек. Олардан түсетін табыс мемлекет бюджетіне жылына 220 млн. доллар немесе 41 миллиард теңге пайда әкеледі деп болжанған. Бұл қаржы еліміздегі ақылы жолдарды тіпті кейбір ақысыз жолдарды да қамтамасыз етуге толығымен жетеді. Ақылы жолдарды енгізудегі мақсат та осы. Болашақта жол жөндеу бюджетке салмақ түсірмеуі әрі ел көңілінен шығатындай болуы керек. Бұл әлемнің көптеген мемелекеттерінде сынақтан өтіп, пайдалы тұсы дәлелденген. Лондон, Стокгольм, Сингапур, жанымыздағы Мәскеу де ақылы жол жүйесі жұмыс істейді. Мұны зерттеп, зерделеген соң жолдарды ақылы жасау бастамасы 2014 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың кезекті Жолдауынан басталып, 2017 жылы түзетулерден кейін көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай бағдарламасына айналған «Нұрлы жолға» енгізілді.
Бағдарламаның 2015-2016 жылдары жүзеге асырылып, табысты аяқталған алғашқы кезеңінде су, әуе тасымалы бағытында қызмет көрсетуші компаниялардың қызметі дами түсті. Ең басты өзгеріс автожолдарда болғаны анық. 2 мың шақырымнан асатын ең маңызды автокөлік жолдарында құрылыс және реконструкция жасалды. Оның аясында жаңа жұмыс орындары ашылды, құрылысқа отандық өнім сатып алынды, жүк тасымалдау, сақтау ыңғайлы бола түсті. Ендігі кезеңде жөндеу жүргізілген жолдарды қалыпты жағдайда ұстау, жол жүру, жүк тасымалы ыңғайлы бола түсуі үшін ауқымды жобаларды жүзеге асырылуда.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024